Алматыда жол жобасын әзірлеуге бөлінген 202 млн теңге бойынша тергеу басталды
Алматы прокуратурасы автомобиль жолын қайта жаңғырту жобасын әзірлеу кезінде бюджет қаражатының заңсыз жұмсалғанын анықтады. Осы дерекке байланысты лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Прокуратура мәліметінше, қалалық Жол инфрақұрылымын дамыту басқармасы мердігерге жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлегені үшін 202 миллион теңге төлеген. Алайда құжаттама мемлекеттік сараптамадан өтпеген және оны іс жүзінде жүзеге асыру мүмкін болмаған.
Бұдан бөлек, тапсырыс беруші 27 миллион теңге көлеміндегі тұрақсыздық айыбы мен шарттың орындалуын қамтамасыз ету сомасын өндіріп алмаған.
Осыған байланысты ҚР Қылмыстық кодексінің 361-бабы (лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.
Тергеуді Алматы қаласы бойынша ҰҚК департаментінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі жүргізіп жатыр. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, тергеудің өзге мәліметтері жария етілмейді.