Алматыда жол апатынының салдарынан жеке тұрғын аудан газсыз қалды
Алматыда болған жол-көлік оқиғасы салдарынан жеке тұрғын сектордағы жүздеген абонент газсыз қалды, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
QazaqGaz Aimaq компаниясы мәліметінше, апат 6 қараша күні сағат 13:45 шамасында Түрксіб ауданында орын алған.
Toyota көлігінің жүргізушісі солтүстік бағытта қозғалып келе жатып, Желтоқсан саябағы аумағында, “Жас қанат” тұрғын үй кешені мен Маяк ықшам ауданы арасындағы аймақта газ құбырының темір тірегіне соғылып, көлік қақпағына аударылған, – деп хабарлады полиция департаменті.
Жүргізуші мен жолаушы медициналық көмекке жүгінген. Оқиғаның мән-жайын аудандық полиция қызметкерлері анықтап жатыр.
QazaqGaz Aimaq өкілдерінің айтуынша, апат салдарынан орта қысымды көше газ құбырының шамамен 10 метрі зақымданып, алты тірек майысқан және газдың ағуы орын алған.
Компания мәліметінше, 653 абонент, соның ішінде бірнеше кәсіпорын, шамамен түн ортасына дейін газсыз қалған. Сағат 00:20-да барлық тұтынушыларға газ қайта қосылған.