Алматыда Жеңіс күніне орай ардагерлерге 5 млн теңгеден беріледі
Алматыда Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған 70-тен астам мерекелік іс-шара өткізіледі. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ахан Бижанов мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қазіргі таңда қалада Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан 21 ардагер және 6 мың тыл еңбеккері тұрады. Мерейтойға орай барлық ардагерлерге 5 миллион теңгеден, ал тыл еңбеккерлеріне 100 мың теңгеден мемлекеттік жәрдемақы берілмек.
Жеңіс күні Алматыда мәдени, әлеуметтік, спорттық және әскери-патриоттық бағыттағы 76 ірі іс-шара жоспарланып отыр. 9 мамыр күні мерекенің басты бөлімі – 28 панфиловшылар атындағы саябақтағы Мәңгілік алауға гүл қою рәсімімен басталады. Мұнда ардагерлер мен қала тұрғындары соғыс жылдарындағы әндерді тыңдап, бір минут үнсіздікпен қаза тапқандарды еске алады.
Сондай-ақ, "Батырларға тағзым" атты патриоттық акция өтеді. Ол таңғы сағат 10:15-те басталып, қатысушылар Орталық демалыс саябағынан 28 панфиловшылар саябағына дейін жүріп өтеді. Акция барысында жастар ұйымдары мен ардагерлер бірігіп, Мәңгілік алауға гүл шоғын қояды.
Ауған соғысы ардагерлері ұйымының төрағасы Мұрат Әбдішүкіров жастардың патриоттық тәрбиесіне ерекше мән беріліп жатқанын атап өтті.
Біз әртүрліміз, бірақ теңбіз. Қазақстанның болашағы үшін бәріміз бірдей жауаптымыз, – деді ол.
Мектептер мен колледждерде «Ардагер өсиеті» және «Батырдың ұрпағымын» атты әскери-патриоттық акциялар өткізіліп жатыр. Сонымен қатар, Даңқ мемориалы толық жаңартылып, ашық аспан астындағы әскери техника музейі мен Армия үйіндегі әскери-тарихи музей қайта жаңғыртылды.
Президенттің жарлығымен бекітілген «Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығы» мерейтойлық медалімен Алматыда 6200 адам марапатталады.
Ұйымдастырушылар қала билігіне ризашылық білдіріп, барлық қазақстандықтарды алдағы Жеңіс күні және Қазақстан халқының бірлігі күні мерекелерімен құттықтады.