Бүгiн 2026, 12:23 Фото: видеодан скриншот

Алматыда жедел жәрдем қызметкерлеріне пышақпен шабуыл жасалды

Алматыда жедел жәрдем бригадасына пышақпен шабуыл жасауға қатысты полиция ресми жауап жолдады.

Алматыда жедел жәрдем қызметкерлеріне пышақпен шабуыл жасалған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Оқиға 29 наурызда Алматы қаласында жедел жәрдем дәрігері мен фельдшері шақыртуға барған сәтте болған.

Белгілі болғандай, науқасты қарауға келген медицина қызметкерлеріне мас ер адам пышақ кезенген. Қызметкерлер көліктің есіктерін жауып алған. Содан кейін полиция шақырған және құқық қорғау органдары келгенге дейін сол жерде болған. 

Аталған дерек бойынша Алматы қаласы Жетісу ауданының Полиция басқармасымен ҚР Қылмыстық кодексінің 380-3-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған.

Анықталғандай, жедел медициналық көмек бригадасы шақырту бойынша науқасқа келген. Алайда сол жерде болған оның ұлы мас күйде болып, өзін агрессивті ұстаған. Қорқытып, айналасындағыларға қауіп төндіретін заттарды көрсеткен. Медициналық қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін оқиға орнына полиция қызметкерлері шақырылды. Құқық бұзушы ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта оқиғаны жан-жақты және объективті зерттеуге бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр, - деп хабарлады Алматы қаласының ПД баспасөз қызметі. 

Полициядан мәлім еткендей, қызметтік міндетін атқарып жүрген жедел қызмет өкілдеріне қатысты кез келген агрессия мен қорқыту әрекеттері жол берілмейді. Мұндай әрекеттер заңмен көзделген жауапкершілікке әкеледі.