Бүгiн 2026, 11:01 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Нұркен Алишев

Алматыда жедел жәрдем көлігімен соқтығысқан 22 жастағы курьер қаза тапты

Қайғылы оқиға Райымбек даңғылындағы BRT желісі салынып жатқан учаскеде болды.

Алматыда жедел жәрдем көлігі мен электрлі велосипедтің қатысуымен болған жол апатынан 2004 жылы туған жігіт көз жұмды. Алдын ала мәлімет бойынша, ол жеткізу қызметінде курьер болып жұмыс істеген.

Қайғылы оқиға 1 шілдеге қараған түні Райымбек даңғылының Өтеген батыр мен Емцов көшелерінің арасындағы BRT желісі салынып жатқан учаскеде болған.

Оқиға куәгерлерінің айтуынша, көліктер бетпе-бет соқтығысқан. Электрлі велосипед тізгіндеген жігіт алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды. Соққыдан кейін екі дөңгелекті көлік жедел жәрдем көлігінің астына кіріп кеткен.

Арнайы көлік жүргізушісінің айтуынша, ол Райымбек даңғылымен шығыс бағытта жарқылдауық шамдарын қосып келе жатқан. Оның сөзінше, электрлі велосипед жүргізушісі әуелі жолақтың ортасымен қозғалып, кейін қарсы бағытқа шығып кеткен.

Жүргізуші апаттың алдын алу үшін рөлді жолдың бөлгіш жолағына қарай бұрып, көлікті тоқтатуға тырысқанын, алайда соқтығысуды болдырмау мүмкін болмағанын айтты.

Куәгерлердің мәліметінше, жол-көлік оқиғасы BRT желісінің құрылысы жүріп жатқан және уақытша қозғалыс сызбасы енгізілген учаскеде болған.