Алматыда жедел жәрдем көлігі батпаққа батып қалды

Алматы, BAQ.KZ.  Алматыда жедел жәрдем көлігі батпаққа батып қалып, медицина қызметкерлері шақырту жіберген мекенге жаяу барған. Ал көлікті батпақтан үш сағатта әрең шығарған.

Әлеуметтік желіде Алматының Көлсай шағын ауданында жедел жәрдем көлігінің батпаққа батып қалған фотосы тарады. 

Бұл мәліметті Алматы жедел жәрдем қызметі де растады. Жетінші ақпан күні жедел жәрдемнің бірі Дәуір 4/73 көшесіне шақырту бойынша бара жатып мекенжайға 30 метр қалғанда батпақ жолға батып қалған. Медицина қызметкерлері құрал-жабдықтарын көтеріп, тізеге дейінгі батпақты кеше отырып үйге дейін жаяу барған. Науқасқа көмек көрсетілген, абырой болғанда оны ауруханаға жатқызу қажеттілігі болмапты. 

Ал, батпаққа батқан көлікті шығаруға үш сағаттай уақыт кеткен. 

Медеу ауданының әкімі Әсет Масабаевтың айтуынша, Дәуір көшесінде құбыр тартуға байланысты жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Құбыр тартылып біткен, бірақ жолды қалпына келтіру әлі аяқталмаған. Аудан әкімі бұл мәселені жеке бақылауына алғанын және мердігер компанияға жолды дереу жөндеуді тапсырғанын жеткізді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы