Алматыда жатақханадан орын жетпеген студенттер қайда бара алады?

Алматыдағы жоғарғы оқу орындарының жатақханаларында орын жетпей қалған студенттер қайда жүгіне алатынын ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек айтып берді, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

Министрдің айтуынша, еліміздің басқа өңірлерінде жатақхана орындарының тапшылығы мәселесі шешілген.

Барлық назарымыз Алматыға аударылып отыр. Шамамен 10 мың төсек-орынға әлі де тапшылық бар. Сондықтан бірінші курс студенттеріне басымдық беріледі. Бірақ тапшылық бұрынғыдай үлкен емес. Үш жыл бұрын 87 мың орын жетіспейтін, оны 10 мыңға қысқарттық, – деді Саясат Нұрбек Үкімет отырысында.

Егер студенттерге жатақхана жайлы ақпарат берілмесе немесе орын жетпесе, барлық курс студенттері Алматыдағы жағдайлық орталыққа келесі телефон нөмірлері арқылы хабарласа алады:

+7 (700) 255-14-43
+7 (700) 950-95-28
+7 (727) 237-01-70

Жағдайлық орталық студенттерді басқа университеттердің жатақханаларына орналастырады.

Қиын жағдайға тап болған студенттерге арналған бес арнайы орын бар. Мысалы, студент түнде келіп, жатақханаға орналаса алмаса немесе есігі жабық болып, телефон соқса да жауап бермесе, оны бірден осы дағдарыс орталығына жібереміз. Ол жерде түнеп, таңертең сабырмен жатақхана іздеуге мүмкіндік алады, – деп қосты министр.

Министр атап өткендей, басымдық бірінші курс студенттеріне беріледі, өйткені жоғары курс студенттері, әдетте, жатақханадан өз еркімен шығып кетеді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы