Алматыда жастардың Орта Азиялық фестивалі өтіп жатыр
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматыда жастардың «Central Asia Youth Festival» I Орта Азиялық фестивалі басталды, деп хабарлады қала әкімдігінің сайты.
Форумды құттықтау сөзімен ашқан қала әкімі Бақытжан Сағынтаев келер жылы Алматыда Орталық Азияның еріктілері мен еріктілер ұйымдарының Жастар форумын өткізуді ұсынды.
Қала басшысы мемлекеттің дамуындағы жастардың ерекше рөлі және ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың алдағы 2020 жылды Еріктілер жылы деп жариялауы жастар арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға оң ықпал ететінін атап өтті.
«Жастардың тікелей араласуы стратегиялық серіктестікті, достық пен тату көрші болуды нығайтудың басты шарты болып табылады. Сондықтан Қазақстанның Тұңғыш Президентінің қорына, ББҰ-ның өкілдігіне, өзге де ынталы ұйымдар мен қонақтарға - жалпы барлықтарыңызға 2020 жылы Алматыда Орта Азияның еріктілері мен еріктілер ұйымдарының Жастар форумын өткізу мүмкіндігін қарастыруды ұсынамын», - деді Бақытжан Сағынтаев.
ҚР Тұңғыш Президентінің – Елбасының Қоры мен Алматы әкімдігі өткізіп отырған бұл фестиваль Қазақстандағы Жастар жылына арналған. Алқалы шараны өткізудегі Қордың серіктестері – БҰҰ, ЕҚЫҰ және Конрад Аденауэрдің қоры.
Шара жастар жетекшілерінің әлеуетін арттыруға, Орта Азия жастары үшін тұрақты диалог алаңын, өңірлік интеграцияны, серіктестікті құруға, ел өңірлері жастарының ресурстарын ортақ іске кеңінен жұмылдыруға, жастар саясатындағы озық тәжірибелерді алмасуға бағытталған.
Алқалы жиынға әр елден – Қазақстаннан, Қырғызстан мен Өзбекстаннан және Әзірбайжаннан 300-ден астам қонақтар қатысады деп күтілуде. Олар - халықаралық ұйымдардың мүшелері, жастар жетекшілері, сарапшылар, қоғам, мәдениет пен ғылым қайраткерлері, стартап-кәсіпкерлер, спортшылар.
Фестиваль аясында оған қатысушылар өңірлік маңызды мәселелер мен проблемаларды кеңінен талқылайды. Сессия жұмысында IT-технологияға, киберқауіпсіздікке, миграция проблемаларына, зияткерлік капиталды сақтауға, салауатты өмір салтын қалыптастыруға, қолжетімді білімге, полиэтникалық қоғам – бейбітшілік пен келісім моделіне ерекше назар аударылатын болады.