Алматыда жасөспірімдер арасындағы төбелестен екі бала көз жұмды
Жаппай төбелесте екі жасөспірім жүрек тұсынан пышақ жарақатын алып, қайтыс болды.
Алматыда жасөспірімдер арасындағы жанжал қайғылы жағдайға ұласып, екі бозбаланың өмірін қиды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
КТК арнасының ақпаратына сәйкес, оқиға компьютер клубынан басталып, көшеде жаппай төбелеске, соңы пышақтасуға жалғасқан.
Алдын ала мәлімет бойынша, кикілжіңге қызға талас себеп болуы мүмкін. Қазіргі таңда оқиғаға қатысы бар 10-нан астам жас анықталып, олардың екеуі қамауға алынды. Қалғандарына қатысты тергеу амалдары жүргізілуде.
Қайғылы оқиға кеше түнде болған. Компьютер клубында басталған жанжал сыртқа шығып, екі топтың қақтығысына ұласқан. Жастар бір-бірін шақырып, ақыры жаппай төбелес орын алған. Соның салдарынан екі жасөспірім жүрек тұсынан пышақ жарақатын алып, көз жұмды.
Қаза тапқандардың бірі – 17 жастағы Ешім Қалдыбай. Ол 9-сыныптан кейін колледжге түсіп, қосымша жұмыс істеп жүрген. Анасының айтуынша, Ешім сол күні кешкісін 13 жастағы інісімен бірге компьютер клубына кеткен, алайда үйіне оралмаған.
Марқұмның анасы Әйгерім Тәуекелова ұлының өліміне әлі де сене алмай отыр. Оның айтуынша, оқиға туралы хабар кеш жеткен.
Баламның жүрегіне пышақ тиген дейді. Бірақ қансырап ауруханаға түскенде неге бізге бірден хабар бермеген? Мүмкін, аман алып қалар ма едік… – дейді.
Алматы қалалық полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбектің айтуынша, жанжал бір-бірін танитын жасөспірімдер арасында болған.
Алдын ала болжам бойынша, бір-бірін танитын екі топ арасында жанжал туындаған. Кейін олар бір-біріне дене жарақатын салған. Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 3-бөлігімен қылмыстық іс қозғалды. Қылмысқа қатысы бар барлық тұлға анықталып, ұсталды. Олардың әрқайсысының әрекетіне құқықтық баға беріледі. Адам өліміне әкелген күдіктілер қамауға алынды, – деді полиция өкілі.
Қазіргі уақытта оқиғаның нақты себептері анықталып жатыр.
Қаза тапқан жасөспірімдердің бірі – Ешім Қалдыбай ертең жер қойнына тапсырылады. Марқұмның жақындары кінәлілердің заң алдында тиісті жазасын алуын талап етуде.