Алматыда жарық неге жиі өшеді – әкім түсініктеме берді
Алматылықтар жекелеген шағын аудандардағы жиі жарықтың өшуі туралы шағымдарын жиі айтады. Осы тарапта қала әкімі Дархан Сатыбалды мәселені шешу жолымен бөлісті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында баяндама жасаған қала әкімі Алматыда жарықтың өшуі күрделі мәселелердің бірі екенін айтты. Және алдағы уақытта оны қалай шешетінін жеткізді.
Мен бұл мәселені екі бағытқа бөліп отырмын. Көп қабатты үйлерді соққанда құрылысшылар үйді тапсырады да, әрі қарай подстанциядан тұрғын үйге дейін жеткізетін кабельдер иесіз қалып кетіп отыр. Қазір маған көп шағым келеді осы тұрғыдан. Қазір осындай үйлерді тізімге енгізіп, коммуналдық меншікке қабылдап, «Алатау жарық» компаниясына тапсыратын боламыз, – деді ол.
Ал жеке шағын аудандарда көптеген жүйелердің жекеменшікте болуы үлкен кедергі болып отыр.
Ондай жеке компаниялардың трансформаторларын қарағанда 400-500 үйге қосыла алатындай етіп жасалған. Бірақ оған 700-800 үй қосылып тұр. Мұндай жағдайда ол көтермей, жарық сөніп жатады, – дейді әкім.
Әкімнің сөзінше, ондай мәселелер бар елді-мекендер анықталып, реттеліп, толықтай «Алатау жарық» мекемесіне берілетін болады.