Алматыда жартылай марафонға қатысқан екі адам көз жұмды
Алматыда өткен Almaty Half Marathon кезінде екі қатысушы қайтыс болды, деп хабарлайды BAQ.KZ Almaty Marathon ресми сайтына сілтеме жасап.
Ресми мәлімет бойынша, 20 сәуір күні өткен жартылай марафон барысында 84 жастағы Аккоян Рсалиев пен 21 жастағы Нұрбол Ахмади көз жұмды. Екеуі де 21,1 шақырымдық қашықтықты жүгіріп өтпек болған және Алматыда жиі ұйымдастырылатын жарыстардың тұрақты қатысушылары болған. Ұйымдастырушылар ереже бойынша әрекет етіп, медициналық және төтенше жағдайлар қызметі, сондай-ақ полиция дереу көмекке келген. Алайда көрсетілген жедел көмекке қарамастан, олардың өмірін сақтап қалу мүмкін болмады.
Жартылай марафон 20 сәуір күні таңертең Тұңғыш Президент саябағынан бастап Орталық стадионға дейінгі бағытта өткен. Аккоян Рсалиев 2021 жылдан бері түрлі жарыстарға қатысып жүрген. Бұған дейін 21,1 және 10 шақырымдық қашықтықтарды сәтті еңсерген.
Оқиға күні ол жарыстың алғашқы шақырымында әл-Фараби даңғылында өзін жайсыз сезінген. Бір минут ішінде жедел жәрдем жеткенімен, ер адамның пульсі болмаған.
Сағат 08:15-те полиция қызметкерлері қатысушының құлағанын хабарлады. Жедел жәрдем бір минутта келді. Пульс болмаған. Реанимациялық шаралар хаттамаға сәйкес жүргізілді. Алдын ала болжам – өкпе артериясының тромбоэмболиясы. Бұрыннан артериялық гипертония болған, – деді жедел жәрдем дәрігері Әлібек Қожаназаров.
Көз жұмған екінші қатысушы – Нұрбол Ахмади – бұған дейін 2025 жылғы Winter Run жарысында 10 шақырымға жүгіріп, кейін Алматы мен Астанадағы жартылай марафондарға және Алматы марафонына тіркелген.
Ол 20 сәуір күні жартылай марафонның 16-шақырымында есінен танып қалған. Жедел жеткен дәрігерлер көмек көрсеткенімен, нәтиже болмаған – өлім жедел жәрдем жеткенге дейін орын алған.
Біз оқиға орнына сағат 09:18-де жеттік. Ұйқы артериясында пульс болмады, тыныс алмаған, қысым нөл болды. Реанимациялық шаралар жүргізілгенімен, нәтиже болмады. Алдын ала диагноз – өкпе артериясының тромбоэмболиясы, жүрек қызметінің жедел жеткіліксіздігі, – деді жедел жәрдем дәрігері Айгерім Есдәулетова.
Медициналық қызмет өкілдері марқұмдардың нақты өлім себебі сот-медициналық сараптамадан кейін белгілі болатынын, оның нәтижесі жақын туыстарына хабарланатынын айтты.
“Бірінші болуға батылдық” корпоративтік қорының атқарушы директоры Салтанат Қазыбаева марафон қатысушыларының қауіпсіздігі – ұйымдастырушылар үшін басты басымдық екенін атап өтті.
Жарысқа тіркелу кезінде барлық қатысушылар өз денсаулықтарына толық жауапты екенін және спорттық шараға физикалық тұрғыда дайын екенін растайтын қолхатқа қол қояды. Бұл – бүкіл әлемде қабылданған тәжірибе. Сонымен қатар жыл бойы біз қатысушыларға арналған тегін жаттығулар мен қауіпсіз жүгіру туралы сарапшылардың дәрістерін өткізіп тұрамыз. Жарыс күні әрбір су ішу бекетінде алғашқы көмек көрсетуге арналған медицина қызметкерлері кезекшілік етеді. Барлық бағыттар төтенше жағдайлар қызметімен бірлесе отырып, алдын ала мұқият әзірленеді, – деді Салтанат Қазыбаева.
Ұйымдастырушылар – “Бірінші болуға батылдық” қоры – марқұмдардың туыстарына көңіл айтып, оларға материалдық көмек көрсетуді жоспарлап отырғандарын хабарлады.