Алматыда жақында төселген тротуар плиткалары опырыла бастаған
Алматыда бірнеше ай бұрын ғана төселген тротуар плиткалары опырыла бастаған. Қала тұрғыны әлеуметтік желіде құрылыс жұмыстарының сапасына қатысты мәселе көтерді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Тұрғынның айтуынша, Шевченко көшесі мен Сейфуллин даңғылының қиылысында жаяу жүргіншілер өткелінің жанындағы плиткалар ойылып кеткен.
Құрметті әкімдік! Алматы көшелерін көркейтіп жатқандарыңыз үшін рақмет. Бірақ төселгеніне небәрі екі ай болған плиткалар қазірдің өзінде опырылып жатыр, – деп жазды тұрғын.
Желі қолданушысы жаңадан жүргізілген абаттандыру жұмыстарының сапасына назар аударып, мәселені жауапты мекемелердің қарауына ұсынған.
Тағы бір желі қолданушысы Алматыдағы Достық даңғылында да тротуар плиткалары опырыла бастағанын көрсеткен.
Әкімдік не дейді?
Алматы қаласының Қоғамдық кеңістіктерді дамыту басқармасы тұрғынның жазбасына жауап берді.
Басқарманың мәліметінше, қазір Сейфуллин даңғылының Алдар Көсе көшесінен Төле би көшесіне дейінгі бөлігін «қасбеттен қасбетке дейін» қағидаты бойынша жаңарту жобасы жүзеге асырылып жатыр.
Жоба аясында аумақты көгалдандыру, автоматты суару жүйесін орнату, жарықтандыру бағаналарын қою, тротуарға тас төсеу және шағын сәулет нысандарын орналастыру қарастырылған.
Алайда басқарманың жауабында жаңадан төселген плиткалардың неліктен опырылғаны және ақаудың қашан жөнделетіні туралы нақты ақпарат берілмеді.