Алматыда жаппай жол апаты үлкен кептеліс тудырды

Бүгін, 25-қараша таңертең Алматыдағы әл-Фараби даңғылында үш көлік соқтығысып, ірі кептеліс пайда болды, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

Әлеуметтік желілердегі ақпаратқа сәйкес, жол-көлік оқиғасы әл-Фараби даңғылы мен Жароқов көшесінің қиылысында болған.

“Жол апатына байланысты аталған аумақта қозғалыс айтарлықтай қиындады: екі бағытта да тығыз кептеліс пайда болды. Жүргізушілерге алдын ала айналма жолды жоспарлап, мүмкін болатын кідірістерді ескеру ұсынылады”, – делінген желіде тараған жазбада.

Алматы полиция департаменті де жағдайды растады. Таңғы сағат 7-де Бостандық ауданында жол апаты тіркелген.

“Toyota автокөлігінің жүргізушісі әл-Фараби даңғылы бойымен келе жатып, қарсы бағытқа шығып кетіп, Lexus-пен соқтығысқан. Соқтығысудан кейін жолда тоқтап тұрған Lexus-ке Hyundai келіп соғылған”, – деп хабарлады полиция оқиғаның мән-жайын.

Соқтығысудан кейін Toyota көлігі өртеніп кетті.

Апат салдарынан Toyota жүргізушісі мен жолаушысы, сондай-ақ Lexus жүргізушісі жарақаттанған.

“Жол апатының барлық мән-жайын Бостандық аудандық полиция басқармасының қызметкерлері анықтап жатыр”, – деді полиция.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы