Бүгiн 2026, 13:10 Фото: ©BAQ.KZ

Алматыда жантүршігерлік жол апаты: Үш адам қаза тапты

Қайғылы жағдай Медеу ауданында болған.

Алматыда қарсы жолаққа шығып кеткен көлік соңы адам өліміне әкелген жол апатына ұласты. Түнде мегаполисте әл-Фараби даңғылында қайғылы оқиға болды, деп хабарлайды BAQ.KZ. 

Алматы қаласы әкімшілік полиция басқармасының кезекші бөлімінде хабарланғандай, жол-көлік оқиғасы бүгін, 21 наурызда сағат 03:30 шамасында Алматының Медеу ауданында болған.

Zeekr маркалы автокөліктің жүргізушісі әл-Фараби даңғылымен батыс бағытта келе жатып, Мендікулов көшесімен қиылыста қарсы бағыттағы жолаққа шығып кеткен. Соның салдарынан шығысқа қарай келе жатқан Mercedes маркалы автокөлікпен соқтығысқан. Жол-көлік оқиғасы нәтижесінде Mercedes көлігінің жүргізушісі мен оның екі жолаушысы оқиға орнында көз жұмды, – деп мәлімдеді Алматы қалалық полиция департаменті.

Zeekr көлігінің жүргізушісі дене жарақаттарымен қаланың ауруханаларының біріне жеткізілген.

Мегаполис полиция департаментінің мәліметінше, үш адамның өліміне әкелген жол-көлік оқиғасы фактісі бойынша Алматы қалалық полиция департаментінің анықтау басқармасы қылмыстық іс қозғаған.

Сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр.