Алматыда жаңбырдан кейін су басу қаупіне қарсы шаралар күшейтілді
Қолайсыз ауа райының салдарын алдын алу және жою үшін 1 579 адамнан тұратын 85 жедел бригаданың кезекшілігі ұйымдастырылды.
Алматыда 10 қараша кешінен бері толассыз жаңбыр жауып жатыр. «Қазгидромет» РМК мәліметінше, 11 қараша сағат 21:00-дегі жағдай бойынша қалада 42 мм жауын-шашын түскен. Бұл айлық норманың 76 пайызына тең.
Алматы қаласының Коммуналдық инфрақұрылым және тұрғын үй инспекциясы басқармасының хабарлауынша, бұған дейін қалада жергілікті су басу қаупі бар сегіз учаске анықталған. Осыған байланысты «Алматы Тазалық» МКК қызметкерлері арық жүйелері мен су өткізу өткелдерін жапырақтар мен қоқыстан тазартты. Аталған учаскелер проблемалық аймақтар тізіміне енгізіліп, ондағы кемшіліктерді жою жұмыстары қараша айының соңына дейін жүргізілмек.
Алматы қаласының Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, 11 қараша сағат 21:00-дегі жағдай бойынша қалада жаңадан су басу дерегі тіркелмеген.
Қолайсыз ауа райының салдарын алдын алу және жою үшін 1 579 адамнан тұратын 85 жедел бригаданың кезекшілігі ұйымдастырылды. Жұмысқа 415 техника мен 97 мотопомпа жұмылдырылып, шамамен 5 мың құм салынған қап дайындалған.
Сонымен қатар күн сайын коммуналдық қызметтердің 3 250 жол жұмысшысы мен 1 225 арнайы техникасы жұмыс істеп жатыр.
Синоптиктердің болжамынша, түнде ауа температурасы 0…–2 градусқа дейін төмендейді. Осыған байланысты көктайғақ болуы мүмкін.
Қала тұрғындарына жолда сақтық шараларын сақтап, сапарларын жоспарлау кезінде ауа райы болжамын ескеру ұсынылады.