Алматыда жаңа жаяу жүргіншілер аймағы салынды

Алматының Алатау ауданын аралау барысында қала әкімі Ерболат Досаев Қарасу шағын ауданындағы Бағаналы Орда көшесіндегі скверді абаттандыру барысымен танысты, деп хабарлайды BAQ.KZ мегаполис әкімдігіне сілтеме жасап.

Жоба «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында жүзеге асырылған. Шілде айында басталған ұзындығы 800 метр болатын жаңа жаяу жүргіншілер аймағы Мойылды және Қаламбаев көшелерінің аралығында орналасқан. Жоба келесі айда аяқталады деп жоспарлануда. Бұл өткен жылы Шаяхметов пен Мойылды көшелері арасында жөнделген 400 метрлік жолақтың жалғасы болды. Осылайша, ұзындығы 1200 метр болатын біртұтас серуендеу аймағы құрылды.

Жобаны жүзеге асыру үшін тікенек пен шөп басқан аумақ тазартылып, тегістеліп, асфальт және тас төселді. Жалпы ауданы 55,4 мың шаршы метрге көгалдандыру жұмыстары жүргізіліп, 950 метрлік автосуару жүйесі орнатылды. Тұрғындардың жайлылығы үшін 150 шам, орындықтар және қоқыс жәшіктері қойылды. Жаңартылған аумақтың жалпы ауданы 6,5 гектар.

Атқарылған жұмыстармен танысқан соң Алматы әкімі жобаны уақытылы аяқтауды және ірі ағаштар отырғызуды тапсырды. Ол сондай-ақ қоғамдық кеңістікті дамытудағы тұрғындардың үлесін ерекше атады.

Сіздердің белсенді ұстанымдарыңыз аудан мен қала әкімдігіне көріктендіруге және жайлы жасыл аймақтар құруға қаражат бөлуге көмектеседі. «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасына қатысып, жобаларыңызды ұсынып, сүйікті қаламыздың өркендеуіне үлкен үлес қосып келесіздер, – деп Ерболат Досаев қала тұрғындарын жаңартылған аумақтарда тәртіп сақтауға және балаларда қалалық кеңістікке деген құрмет пен ұқыптылық сезімін тәрбиелеуге шақырды.

Тұрғындар өзгерген кеңістік үшін қала әкіміне алғыс білдірді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Алматы қаласының әкімдігі
Өзгелердің жаңалығы