17 Қараша 2026, 14:49 Фото: Threads

Алматыда жаңа төселген тротуар плиткасы тайғақ болып шықты

Алматы тұрғындарының бірі қала көшелеріне төселген жаңа тротуар плитасының тайғақтығына шағымданды. Оның айтуынша, алғашқы қар жауғаннан кейін-ақ жаяу жүргіншілерге, әсіресе балаларымен және арбамен жүрген адамдарға қозғалу қиындаған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Әлеуметтік желіде тараған жазбада қала тұрғыны баласын балабақшаға апара жатқанда бірнеше рет тайып кеткенін айтқан. Оның сөзінше, тек балалар арбасынан ұстап келе жатқандықтан ғана құлап қалмаған.

Қазір қызымды балабақшаға апара жатырмын. Бірнеше рет тайып кеттім. Әйтеуір, арбаға сүйеніп келе жатқандықтан құламадым. Өте қорқынышты әрі қауіпті. Бұл әлі мұз емес, алғашқы жауған қар ғана. Қар еріп, суға айналып жатыр. Ал мұз қатқанда не болады? Қалада конькимен жүретін шығармыз, – дейді ол.

Тұрғынның шағымына Алматы қаласының қоғамдық кеңістіктерді дамыту басқармасы жауап берді.

Ведомствоның хабарлауынша, жауын-шашыннан кейін тротуар жабынының тайғақтығына қатысты өтініш түскен. Басқарма мәліметінше, жаяу жүргіншілер жолына бетон тротуар плиталары бекітілген жобалық-сметалық құжаттамаға сәйкес төселген.

Алайда басқарманың жауабында плитаның тайғақтығына қатысты мәселені шешу үшін қандай шаралар қабылданатыны және қыс мезгілінде жаяу жүргіншілер қауіпсіздігі қалай қамтамасыз етілетіні нақтыланбаған.