Алматыда «Жаңа Қазақстан – екінші Республика» пікірсайыс турнирі өтті

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде «Алтын Сапа» интеллектуалды пікірсайыс клубының ұйымдастыруымен «Жаңа Қазақстан – екінші Республика» атты пікірсайыс турнирі өтті.

Бұл шара әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің әлеуметтік даму жөніндегі проректоры Айдосов Нұржан Сарсенбекұлының және Жастар комитеті жетекшісі Әріпов Абзал Асқарұлының қатысуымен өткізілді.

Турнирге Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің «Атамекен» интеллектуалды пікірсайыс клубы, Алматы энергетика және Байланыс университетінің «Энерго» дебат клубы, Қазақ Ұлттық қыздар педагогикалық университетінің «Парасатты Нағыз Лидерлер Одағы» дебат клубы, UIB университетінің «UIB DC» дебат клубы және Қазақ-британ техникалық университетінің қалалық, аймақтық және республикалық пікірсайыс турнирларының жеңімпаздары қатысты.

Пікірсайыс турнирінде «Бұл топ Жастар арасында патриоттық сезімді арттырудың механизмін ұсынады», «Бұл топ Конституцияға өзгертулер енгізу керек деп есептейді» тақырыптары талқыланды.  

Ұйымдастырушылардың айтуынша, турнирдің мақсаты - жақында болғалы жатқан референдум, конституцияның өзгеруіне байланысты жастардың ойларын білу, жастар арасында патриоттық сезімдерін арттыруға негізделген патриоттық тақырыптағы дебат ойындары арқылы аудиторияға осы дүниелерді түсіндіру.  Сондай-ақ Қазақстанның саясатына немқұрайлы қарамайтын жастарды тәрбиелеу.

Көрермендер саны шамамен 60-тан асты. Олардың арасында тек ҚазҰУ-дан бөлек қаланың өзге университеттерінен келген студенттер де болды.

Алғашқы тақырып бойынша қатысушылардан келесі ойлар ұсынылды: Қазақ тілін дамыту керек, яғни қазақ тілінде ақпаратты көбейту және әлеуметтік желі және медиа контентті қазақ тіліне аудару керек ал екінші тараптардан Қазақ тілінде патриоттық әдебиеттерді көбейту, әлемдік әдебиеттерді қазақ тіліне көбірек аудару және болашақ ата-аналар және қазіргілерге қазақи кітаптарды үгіттеу оқыту және балаға сол арқылы жастайынан патриоттық сезімді тіл арқылы ояту, осы заттарды екі тараптанда заң түрінде бекіту ұсынылды.

Екінші тақырыпта келе жатқан конституциямызға өзгертулер енгізу бойынша референдум болуы және өзгертулер жайлы тартыста ойын болды.
Тартысты ойын негізінде жеңген топтарға ҚазҰУ проректоры және Жастар ұйымдарының комитетінің жетекшісінің қолынан арнайы грамота және әл-Фарабидің 7 томдық трактаттарынан кітаптар сыйлыққа берілді.

 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы