Алматыда жаңа метро станциялары ашылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ.  Алматыда «Сарыарқа» және «Бауыржан Момышұлы» метро станциялары іске қосылады. Бұл туралы Алматы қаласының әкімдігі хабарлады. 

Олар қазіргі қызмет көрсетіп тұрған тоғыз станцияның жалғасы ретінде қала орталығын жатын аудандармен байланыстырады.

Екі жаңа станция іске қосылғаннан кейін метро желісінің жалпы ұзындығы 3,1 шақырымға ұзарып, енді 13,4 шақырымды құрайтын болады. Желі бойына 7-10 минут сайын жүретін төртвагонды 15 электр пойызын жіберу жоспарланған.  

Қазіргі таңда метро күніне 45 мыңға жуық жолаушы тасымалдайды. Жаңа станциялар іске қосылғаннан кейін бұл көрсеткіш күніне 85 мың жолаушыға дейін өседі деп күтілуде. 

«Мәскеуден» кейінгі «Сарыарқа» станциясы Абай даңғылы бойында Алтынсарин даңғылы мен Саин көшелерінің аралығында Family Park маңында орналасқан. Терең салынған, екі кіреберісі мен бір вестибюлі бар. Станцияда екі жеделсаты мен сегіз эскалатор орнатылған. Интерьер жасау кезіндегі негізгі идея – Сарыарқаның шексіз кең даласының әсемдігін көрсету. Қабырғалары мәрмәр тастардан құрастырылып, гранитпен өрнектелген. Шеткі жағындағы қабырғада жазық даланың үстінен шығып келе жатқан күн, оның бергі жағында Қазақстан астанасы бейнесі маңында шауып келе жатқан жүйрік аттар бейнеленген панно орнатылған. 

«Бауыржан Момышұлы» станциясы Абай даңғылы бойында Момышұлы көшесінің батысында орналасқан. Таяз орналасқан, екі вестибюль мен алты кіреберісі бар. Станцияда алты жеделсаты мен он бес эсколатор орнатылған. Платформа ұзындығы – 108 м. Алматы метро желісінің он бірінші станциясы әзірге соңғы станция болып саналады. 

Станция үлкен тұрғын алабының ортасында орналасқан. Қабырғалар мен тіреуіштерді безендіру үшін ашық реңкті маржан-сұр түсті ағаш тектес керамикалық панельдер, ал еденді қаптауға – ашық сұр түсті табиғи гранит пайдаланылған.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: фото әкімдіктің сайтынан
Өзгелердің жаңалығы