Алматыда жалғызбастылардың мүлкін иемденген "қара риэлторлар" тобы сотталды

Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында "қара риэлторлар" қылмыстық тобының мүшелеріне қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

Ұйымдасқан қылмыстық топтың ішінде 22 адам айыпталушы деп танылған. Қылмыскерлердің қатарында екі дәрігер, үш нотариус, бұрынғы полиция қызметкерлері, сонымен қатар сот орындаушының көмекшісі, медициналық сарапшылар, екі риэлтор және бірнеше такси жүргізушісі бар.

Қылмыстық топ жалғызбасты қарт адамдардың қайтыс болғаннан кейін мұрагерлері жоқ пәтерлерді тауып, құжаттарды қолдан жасау арқылы басып алып, арзандатылған бағамен сатып жіберген. Барлығы 37 пәтерді заңсыз иемденген. Сотта қылмыскерлердің ісі 37 бап бойынша қаралды.

Сот мәліметтері бойынша, ұйымдасқан қылмыстық топ Алматыда 2017-2023 жылдар аралығында әрекет еткен. Оның заңсыз әрекетінің салдарынан 27 азамат зардап шекті.

Тергеу анықтағандай, ұйымдасқан қылмыстық топты Әшірәлі Болтабоев, Әуелхан Сатаев және зейнеткер Ирина Гапарова басқарған. Ирина Ғапарова ең жоғарғы жаза 18 жылға бас бостандығынан айырылды.

Өзбекстан азаматы Әшірәлі Болтабоев 17 жылға, оның сыбайласы Әуелхан Сатаев 16 жылға бас бостандығынан айырылды.

Сонымен қатар, медицина қызметкерлері де жазадан құтылмады. Үш дәрігер, оның ішінде Психикалық денсаулық орталығының екі бұрынғы бөлім меңгерушісі және Алматы облыстық психиатриялық диспансерінің бұрынғы психиатр дәрігері сәйкесінше үш жылға, алты жылға және 10,5 жылға сотталды. Сот сарапшысы төрт жылға бас бостандығынан айырылды.

Сондай-ақ үш нотариус қылмыстық жауапкершілікке тартылды: екі әйел алты жылға бас бостандығынан айырылды, ал олардың ер әріптесі жеті жылға бас бостандығынан айырылды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: BAQ.KZ архив
Өзгелердің жаңалығы