28 Шілде 2026, 11:47 Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Алматыда 82 адам жалған құжатпен зейнетақы алған: Мемлекетке 108 млн теңгеден астам шығын келген

Кейбір адамдар өзіне тиесілі емес еңбек кітапшасын немесе бөтен адамның құжаттарын пайдаланған.

Қазақстанда әлеуметтік төлемдерді заңсыз алу фактілерін анықтауға жасанды интеллект тартылды. Соның нәтижесінде Алматы қаласында жалған құжат арқылы зейнетақы рәсімдеген 82 адам анықталған. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Әлеуметтік қорғау саласын реттеу және бақылау комитетінің Алматы қаласы бойынша департаментінің басшысы Мұрат Мұратбеков Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңындағы брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның айтуынша, мемлекеттік әлеуметтік қолдаудың атаулылығын арттыру мақсатында әлеуметтік-еңбек саласы цифрландырылып, ақпараттық жүйелерге тәуекелдерді автоматты анықтайтын тетіктер енгізілген.

Ақпараттық жүйе арқылы түрлі кезеңде зейнетке шыққан 7 мыңнан астам азаматтың зейнетақы ісі тексерілді. Соның нәтижесінде 82 жағдайда жалған құжат пайдаланылғаны анықталды. Кейбір адам өзіне тиесілі емес еңбек кітапшасын немесе бөтен адамның құжаттарын пайдаланған. Осындай алаяқтық фактілерінің барлығы ақпараттық жүйе арқылы анықталды, – деді Мұрат Мұратбеков.

Оның мәліметінше, осы заңбұзушылықтардың салдарынан мемлекетке 108 миллион теңгеден астам шығын келген.

Бүгінде «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясымен бірлесіп, бұл қаражатты қайтару жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазіргі таңда бюджетке 70 миллион теңгеден астам қаржы қайтарылды. Тағы 38 миллион теңгені өндіру жұмыстары жалғасуда, – деді департамент басшысы.

Мұрат Мұратбековтің сөзінше, бүгінде ақпараттық жүйеге жасанды интеллект элементтері енгізілген. Олар әртүрлі азаматтардың еңбек кітапшаларындағы бірдей жазбаларды автоматты түрде салыстырып, күмәнді жағдайларды анықтайды.

Бұрын бір адамның еңбек кітапшасының мәліметтері басқа адамның атына пайдаланылған жағдайлар болды. Қызметкер мұны көзбен анықтай алмайды, себебі құжаттың бұрын кімге тиесілі болғанын білу мүмкін емес. Ал жасанды интеллект әртүрлі адамдардың еңбек кітапшаларындағы бірдей жазбаларды анықтап, оны тәуекел ретінде белгілейді. Осыдан кейін біз архивтер арқылы қосымша тексеру жүргіземіз, – деді ол.

Департамент басшысы дәл осы тәсілдің арқасында 82 құжаттың шынайы мәліметтерге сәйкес келмегені анықталғанын айтты.

Сонымен қатар, оның айтуынша, жүйе еңбек өтілін қолдан көбейту әрекеттерін де анықтай алады.

1998 жылдан кейін еңбек өтілі міндетті зейнетақы жарналары арқылы есептеледі. Кейбір азаматтар зейнетке шығар алдында бұрын төленбеген кезеңдер үшін зейнетақы жарналарын аударып, еңбек өтілін көбейтуге тырысады. Қазіргі ақпараттық жүйе мұндай кешіктірілген төлемдерді автоматты түрде анықтап, тәуекел тобына енгізеді. Кейін біз азаматтың сол жұмыс берушіде шынымен еңбек еткен-етпегенін тексереміз, – деп түсіндірді Мұрат Мұратбеков.

Оның айтуынша, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні пайдалану әлеуметтік төлемдерді заңсыз алудың алдын алып, бюджет қаражатының мақсатты жұмсалуын бақылауға мүмкіндік беріп отыр.

Тағы оқи отырыңыз: 2027 жылдан бастап зейнетақы жүйесінде қандай өзгерістер болады?