Алматыда жұмыспен қамту мәселесі қалай шешілуде

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматы қаласы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығы карантин кезінде жұмыс іздеген азаматтар үшін әлеуметтік және қоғамдық жұмыс орындарын ұсынып отыр. Әлеуметтік не қоғамдық деген статусына қарамастан, жұмыс жақсы жалақымен ынталандырылады. Қаладағы осы және өзге де жұмыспен қамту шаралары туралы бүгінгі материалымызда айтамыз.


Жалпы, қазір қала бойынша әлеуметтік жұмыс орындарында 1103 азамат еңбек етіп жүрсе, ал, қоғамдық жұмыс орындарына 12 141 адам тартылып отыр. Соңғы категориядағы 12 мыңнан астам азаматқа қоғамдық жұмысқа араласқаны үшін 85 мың теңге көлемінде жалақы төленеді. Әлеуметтік жұмыс орындарындағы еңбек уақытша болғанымен, сарапшылар бұл карантин кезінде бос жатпай, отбасының бюджетін толтыру үшін таптырмайтын мүмкіндіктердің бірі дейді. Оның үстіне, әлеуметтік жұмыс орындары ешқашан қауіпті, зиянлы және ауыр болмайды.

Қазақстанның еңбек қатынастары жөніндегі заңнамаларына сәйкес, әлеуметтік жұмыс орындарының еңбекақысы жергілікті бюджеттен субсидияланып отырады. Бұл дегеніміз, әлеуметтік жұмысқа орналасқан адам үшін қала бюджеті ең төменгі жалақы мөлшеріне, яғни, 42 500 теңгеге тең жалақы тағайындаса, еңбекақының екінші жартысын жұмыс беріп отырған мекеме төлейді. Бірден айта кету керек, үкіметтік емес ұйымдарға жұмысқа орналасқан мүмкіндігі шектеулі жандар үшін әкімдіктің беретін бұл субсидиясы 1,5 ең төменгі жалақыға, яғни, 63 750 теңгеге тең. Екі бағытта да жұмыс істеп жүрген азаматтардың еңбекақысы ай сайын төленеді.

Ал тағы бір маңызды жайт, елдегі карантин кезінде Алматының кәсіпорындары жаппай жұмысын тоқтатып жатқанда, қаладағы қоғамдық жұмысқа деген сұраныс күрт өскен. Бұны жұмыспен қамту орталығының басшылығы да растап, цифрлармен дәлелдеп отыр.

Карантин кезінде кәсіпорындар қызметін тоқтатып, қоғамдық жұмысқа араласамын деген азаматтардың легі көбейді. Мәселен, былтыр жыл бойы 3930 адам қаланың қоғамдық жұмысына араласса, биыл жеті айдың өзінде олардың саны 2,8 есеге көбейіп, 12 000 адамды құрап отыр, - дейді Алматы қалалық жұмыспен қамту орталығының директоры Диляра Иманқұлова.

Әлеуметтік жұмыс орны сияқты, қоғамдық жұмыстың шарты да бір жылдан аспайды. Бірақ, бұл жерде адамның ерекше кәсіби дағдысы және әлеуметтік пайдалы бағыты міндетті емес. Сондықтан, адамның кәсібі мен сұрауына сай вакансия болмаған жағдайда, Жұмыспен қамту орталықтары осындай уақытша ақылы жұмыстар ұсынады. Тәжірибе көрсетіп отырғандай, жұмыс іздеп, қалауына сай мамандық таппаған алматылықтардың көбі алдымен әлеуметтік не қоғамдық жұмысқа орналасып, оның бір жылғы мерзімі өткенше, тұрақты жұмыс тауып үлгереді.

Ал, Жұмыспен қамту орталығының жұмыс іздеген адамдарға беретін тағы бір мүмкіндігі – оқу, жаңа дағды үйрену. Кезінде, орталыққа жұмыссыз ретінде тіркеліп, үш ай қайта даярлау курсын оқыған Светлана Гогуля қазір өзі біреуді жұмыспен қамтып жүр.

Менің негізгі мамандығым журналист болатын, кезінде журнал шығарып, жұмыс істедік. Кейін, әлеуметтік желі дамыған соң, журналдар оқылмай қалды, ал, біз сол кездің журналистері жұмыссыз қалдық. Балаларым өсіп, өзім қырық жасқа келсем де, жаңа дүние үйренгім келді. Осылайша, Жұмыспен қамту орталығына жұмыссыз ретінде тіркеліп, қайта даярлау курсынан өттім. Үш ай бойы ай сайын 20 мың теңге шәкіртақы алып оқып, өзімнің туристік агенттігімді аштым. Қазір, карантин кезінде өзім жастар мен жасөспірімдерді қоғамдық жұмысқа тартып отырмын. Осылайша, мемлекеттің берген мүмкіндігін пайдаланып, өмірдегі орнымды таптым, - дейді Светлана Гогуля.

Жұмыспен қамту орталығына келіп, жұмысқа орналасқан және өзінің алғашқы жалақысын отыз жасында алғанына шексіз қуанышты кейіпкерлеріміздің бірі Гүлжан Қажынова. Ол да Светлана Гогуля сияқты алдымен осы орталықта жаңа дағды үйреніп, «Еңбек» бағдарламасы арқылы әкімші жұмысын тапқан.

Осы жерге (Жұмыспен қамту орталығына - авт), ең алғашқы жалақымды алдым. Отыз жасымда. Өте ерекше сезім болды, сондықтан алғысым шексіз, - дейді 1-топтағы мүгедек Гүлжан Қажынова.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы