Алматыда зейнеткерлер тіккен киімдердің сән көрсетілімі болды

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алматы қаласы Медеу ауданында орналасқан "Белсенді ұзақ өмір сүру" орталығына келушілер өздері тіккен киімдерді көпшілікке ұсынды.

Киіз және жібек матдан тігілген сәнді киімдердің барлығын аталған орталықтың тігін үйірмесіне қатысатын әжелер өз қолдарымен тігіп шыққан. Көпшілік назарына әсіресе егде жастағы адамдарға шақталып тігілген авторлық киімдер ұсынылды.


"Бүгін біз Fashion күнін ұйымдастырдық. Яғни өзіміз тіккен киімдердің сән көрсетілімін жасадық. Оған Алматы қаласындағы киізден киім тігу шеберлері қатысты десем болады. Біз өзіміздің ертеден келе жатқан осы қолөнерімізді кеңінен танытсақ дейміз. Киізден қазіргі заманға сай сәнді киімдер жасап шықсақ дейміз. Оның үстіне апаларымыз өздерін жастай сезініп әдемі киімдерді көпшілік алдына киіп шықты. Бастысы зейнеткерлерге жақсы көңіл күй сыйлап, оларды шабыттандыра түстік", - дейді орталықтың еңбек үйірмесінің жетекшісі Елена Одарченко.
Орталықтың әлеуметтік істер жөніндегі бас маманы Балжан Мұратова бүгінгі шараға 50 аса зейнеткер қатысқанын айтады.


"Сәндік көрсетілімге тігіншілер, ұйымдастырушылар, киімді киіп өтетін апаларымыздың бәрін қосқанда елуден аса адам қатысты. Осы ай Қарттар айы болғандықтан орталығымызда түрлі шаралар өтті. Бізде тігін үйірмесімен қатар компьютерді оқыту, тіл үйрету, бірнеше би түрі және спорттық үйірмелер жұмыс істейді. Бұның барлығы зейнеткерлердің көп қимылдап, бір-бірімен жақсы қатынас орнату үшін жасалады", - дейді ол.
"Белсенді ұзақ өмір сүру" орталығы қала әкімдігінің бастамасымен 2018 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Орталық күніне екі жүздей зейнеткерді қабылдайды.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы