Алматыда заңсыз құрылыс сот шешімімен сүріледі

Алматы қаласында бірнеше құрылыс нысаны сот шешімі бойынша сүрілуі мүмкін, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев Медеу ауданының тұрғындарымен кездесуінде айтты.

Үйіміздің іргетасы Қабанбай батыр көшесі жағынан бұзылған және бұрышта қабырға қираған, ал ғимараттың жалғыз апаттық кіреберісі кафеге қосылып кеткен. Сізге өтінішім - үйдің іргетасы мен қабырғаларын қалпына келтіруге көмектессеңіздер. Жоба бойынша біздің үй 9 баллға шыдайды. Бірақ жер сілкінісі бола қалса 350 адам үйден шыға алмай қалады. Сондықтан жалғыз кіреберісті ашып қана қоймай, ал осы жылдың мамыр айында салынған дөнер дөңгершегін бұзу қажет, – деді Медеу ауданының тұрғыны.

Қойылған сұраққа Алматы қаласы Қала құрылысын бақылау басқарма басшысы Бақытжан Наурызбеков жауап берді.

Айтылған нысан бойынша толық тексеру жүргізілді. Қабанбай батыр көшесіндегі үй және жазғы кафе бойынша шаралар қабылданып, материалдар сотқа жолданды, – деді ол. 

Басқарма басшысының жауабын қала әкімі толықтырды:

Үйдің іргетасы мен қабырғаларын қалпына келтіру бойынша міндеттемелерді орындауға байланысты барлық мәселелер шешілетін болады. Өкінішке орай, тұрғын үй кіреберістерінің жабылып, кафелерге кірігіп кетуі бұрын, өткен жылдары болған. Енді біз бұл сұрақтарға қайтып оралып, құрылыс нысандарын заңсыз деп тануымыз қажет. Біз бұл мәселені мүмкіндігінше шешуге тырысамыз. Меншік иесі келісім жасауға келіспеді , сондықтан Қала құрылысын бақылау басқармасы бұл істің материалдарын сотқа жіберді. Алматыда көптеген нысандар жеке меншікке берілген. Осы себепті әрбір меншік иесіне заңды түрде жүгінуге тура келеді. Мен қалаған ғимаратты бұза алмаймын, не оны сатып аламыз немесе заңсыз деп танылады. Мен бұл мәселені орынбасарым Асқар Әмринге тапсырамын. Барлық қажетті қауіпсіздік шараларын, әсіресе өрт сөндіруге байланысты қауіпсіздікті сақтау үшін не істеуге болатынын қарастырады - деді қала әкімі Ерболат Досаев.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Алматы қаласының әкімдігі
Өзгелердің жаңалығы