Алматыда қыздардың телефонын ұрлап келген жігіт ұсталды
Алматы, BAQ.KZ. 25 жастағы азаматтың тек Әуезов ауданы бойынша 3 қылмыстық іске қатысы бар екені дәлелденген.
Ол қыздардың сеніміне кіріп, телефондарын ұрлап әкетіп отырған. Бұл туралы Алматы полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Оның үстінен арыз жазғандардың барлығы 18 жас шамасындағы жас қыздар. Күдікті олардың жастығын пайдаланған, қыздармен танысып, оларды кездесуге шақырған. Өзін тәрбиелі адам ретінде көрсетіп, олардың сеніміне кіре білген. Кездесу кезінде олардан жақындарына шұғыл хабарласуым керек деп телефонын сұрап алып сөйлескен кейіп танытып, ол жерден біртіндеп ұзай береді. Жас қыздар әдепті жігіт мұндай әркетке барады деп күтпесе керек. Алаяқ ұрлап әкеткен телефонды таныстарына, достарына өз телефоным деп сатқан. Сондықтан біз бөтен адамға мүліктеріңізді бермеңіздер деп тағы да қайталап айтамыз», - дейді Әуезов ауданы ПБ-ның басшысы Әлішер Тұрсынбетов.
Қазіргі уақытта күдікті оқшаулау орнына қамалған. Сонымен қатар, оның үстінен ҚР ҚК 190 бабы «алаяқтық» бойынша іс қозғалған және сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр.