Алматыдағы медициналық маска шығаратын кәсіпорын тәулік бойы жұмыс жасайды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Коронавирустың алдын алу бойынша Алматы Өңірлік штабы медициналық бетперделер шығаратын кәсіпорынға барды.
Бүгінде бұл кәсіпорын тәуліктік жұмыс режиміне көшті.
Коронавирусты инфекцияның таралуының алдын алу жөніндегі республикалық штабтың төрағасы Б. Сапарбаевтың тапсырмасы бойынша Алматы қаласының Өңірлік штабы кәсіпкерлік және инвестиция басқармасымен бірлесіп, медициналық бетперделер шығаратын «Dolce Farm»ЖШС фармацевтикалық компаниясының кәсіпорнына барды. Тексеру барысында өндірістік қуатқа көңіл бөлінді.
Айына кәсіпорында 2,5 млн дана бетперде дайындалады. Өнімді автоматты және қолмен өндіруге арналған шикізат қоры жеткілікті деңгейде. Сонымен қатар, ЖРВИ мен тұмаумен сырқаттанушылықтың эпидемиялық көтерілу кезеңін, сондай-ақ коронавирусты инфекцияның таралуының алдын алуды ескере отырып, кәсіпорын тәуліктік (үш ауысымда) жұмыс режиміне көшті. Бетперделерді өндіретін шикізат қорын ұлғайту үшін шетелдік жеткізушілермен келіссөздер жүргізілуде. Бұдан өзге медициналық бетперделерді өндіру кестесі мен одан әрі іске асыру жолдары тексерілді.
Сондай-ақ фармацевтикалық индустрияны дамыту, оның ішінде мемлекеттік-жеке меншік әріптестік қағидаты бойынша медициналық мақсаттағы бұйымдарды шығару перспективалары талқыланды.