Алматыда Вена классикасы мен аргентиналық танго үндескен концерт өтті
Сахнада Вена радиосы симфониялық оркестрінің әртісі, қазақстандық скрипкашы Ерасыл Хамит өнер көрсетті.
Алматыда Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында «Венадан Буэнос-Айреске дейін» концерті өтті. Кеште Вена классикасының жауһарлары мен аргентиналық танго әуендері орындалды.
Сахнада Вена радиосы симфониялық оркестрінің әртісі, қазақстандық скрипкашы Ерасыл Хамит өнер көрсетті. Ол камералық оркестрдің сүйемелдеуімен Людвиг ван Бетховеннің скрипка мен оркестрге арналған концертін орындады.
Кештің ерекше сәттерінің бірі – Ерасыл Хамиттің ата-анасымен бірге бір сахнада өнер көрсетуі болды. Музыканттың ата-анасы да оркестр құрамында ойнап, әулеттегі музыкалық дәстүр мен ұрпақтар сабақтастығын көрсетті.
«Ата-бабам, соның ішінде атам өмір сүріп, еңбек еткен тарихи Отанымда өнер көрсету – мен үшін ерекше мәртебе. Ал көрерменнің ыстық ықыласы мен жылы қабылдауы маған үлкен шабыт сыйлады», – деді Ерасыл Хамит.
Концерттің екінші бөлімінде Астор Пьяццолланың «Буэнос-Айрестегі мезгілдер» циклі орындалды.
Кеш соңында Ерасыл Хамитке Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның атынан құрмет белгісі ретінде гүл шоғы табысталды.