Алматыда үздік сержанттар анықталды

Алматыда 5574 әскери бөлімінің жауынгерлік және әдістемелік дайындық орталығында Үздік взвод сержанты, үздік бөлімше командирі байқауы өтті, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

Сайысқа Жамбыл, Қызылорда, Жетісу облыстары мен Алматы және Шымкент қалаларынан келген 18 сержант қатысты.

Әскери дайындық, бөлімшелердегі әскери тәртіптің жағдайы және жеке құрамның моральдық-жауынгерлік рухы көбінесе сержанттардың кәсіби шеберлігіне байланысты. Осындай сайысты өткізу сержанттар құрамының кәсіби шеберлігін арттыруға ықпал етіп, бұл үрдістегі жарыс рухын нығайтады. Әскери бөлімдердегі кіші командирлердің даярлық деңгейін бағалауға мүмкіндік береді, - дейді «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының орынбасары, полковник Константин Куатов. 

Байқау сайысының жалпы нәтижесі бойынша, Тараз қаласындағы 5513 әскери бөлімінің аға сержанты Мейрамбек Қыдырмұхаметов «Өңірлік қолбасшылықтың үздік взвод сержанты» атағына ие болды. Ал «Үздік бөлімше командирі» атағы Шымкент қаласындағы 6506 әскери бөлімінің аға сержанты Тоқтар Қасымханға бұйырды. 

Әскери салада осында сайыстың өткізілгені құптарлық әрекет. Жарыс барысында өз бөлімдерінде үздік деп танылған қатысушылар – кәсіби сержанттарға және кіші командирлерге тән барлық қабілеттерін көрсетуге тура келді. Барлығы жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар екендігін көрсетті. Сайыстың арқасында өзіміз шыңдалдық, дос таптық. Жастық шағымыздың ең әсерлі де қызықты сәті болып қаларына сенімдімін, – дейді Мейрамбек Қыдырмұхаметов.

Енді жеңімпаздар Астанадағы Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығында өтетін республикалық сайыста «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының намысын қорғайтын болады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы қолбасшылығы
Өзгелердің жаңалығы