Алматыда үйлерге жылу қашан беріле бастайды?
Алматыда жылыту маусымы 9 қазаннан басталады. Қалада орталық жылу жүйесіне кезең-кезеңімен қосу жұмыстары жүргізіледі, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қала әкімдігінің хабарлауынша, күннің салқындауына байланысты биыл жылу беру әдеттегіден ертерек басталмақ. Ең алдымен балабақшалар, мектептер, ауруханалар және басқа да әлеуметтік нысандар жылуға қосылады.
Ал тұрғын үйлерге жылу 10 қазаннан бастап беріле бастайды.
Әкімдік мәліметінше, «Алматы жылу жүйесі» ЖШС қысқы маусымға дайындық жұмыстарын толық аяқтаған. Қыс мезгілінде болуы мүмкін апаттардың алдын алу және оларды жедел жою үшін 16 авариялық-жөндеу бригадасы дайын тұр.
Олардың құрамында 220 маман мен 56 арнайы техника бар.
Еске салайық, бүгін Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев Үкімет отырысында өңірлердің жылу маусымына дайындығын баяндаған болатын. Оның сөзінше, бүгінгі таңда жылу маусымы 11 өңірде басталды. Қазан айының ішінде ауа райына байланысты жылыту маусымы қалған өңірлерде кезең-кезеңімен басталады.