Алматыда үш жолайрықтың құрылысы жүріп жатыр
Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алматы Қалалық мобильділік басқармасының басшысы Ғани Мырзаханов ӨКҚ алаңында өткен брифингте қалада салынып жатқан жолайрықтардың жұмысы жайлы баяндады.
Оның айтуынша, өткен жылы Рысқұлов даңғылы мен Емцов көшесінің қиылысындағы жолайрықтың құрылысы бітіп, көлік қозғалысы ашылған. Ал, осы жылы 3 жолайрықтарының құрылысы жалғасып жатыр, олар Бұқтырма көшесі – Құлжа күре жолы, Сейфуллин даңғылы – Жансүгіров көшесі және Саин көшесі – Мөңке би көшесі қиылыстарындағы нысандар.
Бүгінгі таңда Бұқтырма көшесі – Құлжа күре жолы жолайрығы бойынша құрылыс жұмыстары кестеге сәйкес жүргізілуде. Қала аумағында орналасқан қажетті жер телімдерін сатып алу толығымен аяқталды. Талғар ауданы аумағында орналасқан 2 жер телімін сатып алу қалып отыр. Бұл мәселемен Алматы облысының әкімдігі айналысуда және әріптестердің ақпараты бойынша бұл жер телімдерін сатып алу жақын арада орындалады. Осы жылдың бірінші жарты жылдығының соңына дейін эстакада мен жанама жолдарын салу бойынша құрылыс жұмыстарын аяқтап, көліктің барлық бағытта жүруін қамтамасыз ету жоспарлануда. Жолайрық бойынша жұмыстар ағымдағы жылдың қыркүйек айында толық аяқталады,-деді басқарма басшысы.
Ал, Сейфуллин даңғылы – Жансүгіров көшесі жолайрығы бойынша жұмыстар сатып алынған жер телімдерінде жүргізіліп жатыр екен. Әлі 16 жер телімін сатып алуды қажет етеді, ол жер телімдері бойынша сот ресімдері жүріп жатыр.
Құрылыс жұмыстары осы жер телімдерін сатып алуына қарай орындалады. Көлік қозғалысын ашу осы жылдың аяғына, ал толығымен аяқталуы келесі жылға жоспарланған,-деді Мырзаханов.
Сондай-ақ Саин – Мөңке би көшесі жолайрығы бойынша дайындық жұмыстары басталған. Жұмыстарды толық аяқтау 2023 жылға жоспарланған.