25 Шілде 2026, 13:48 Фото: Алматы әкімдігі

Алматыда үш автобус маршрутының жүру бағыты өзгереді

Өзгерістер 25 шілдеден бастап күшіне енеді.

25 шілдеден бастап Алматыда №61, 218 және 238 автобус маршруттарының жүру сызбасы өзгереді. Бұл туралы қалалық Жол қозғалысын ұйымдастыру және жолаушылар көлігі басқармасы хабарлады.

Өзгерістер Саин көшесінің Рысқұлов даңғылынан Ақын Сара көшесіне дейінгі жаңа бөлігінің ашылуына, сондай-ақ Рысқұлов даңғылынан Мұстафин көшесіне дейін қоғамдық көлікке арналған арнайы жолақтың іске қосылуына байланысты енгізіліп отыр.

Басқарманың мәліметінше, жаңа қозғалыс сызбалары автобустардың жүру жылдамдығы мен қозғалыс тұрақтылығын арттыруға, сондай-ақ жаңартылған жол инфрақұрылымын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.

№218 маршрут оңтүстік бағытта Мөңке би көшесімен, Саин көшесімен және Абай даңғылы арқылы «Б. Момышұлы» метро станциясына дейін жүреді. Кері бағытта автобус Абай даңғылымен, Саин көшесі арқылы әрі қарай қолданыстағы сызба бойынша қатынайды.

№238 маршрут соңғы аялдама – «Автостанция» бағытына қарай Саин және Төле би көшелерімен жүреді. Кері бағытта да автобус Төле би мен Саин көшелері арқылы қатынап, Саин көшесінен кейін кері бұрылады.

№61 маршрут оңтүстік бағытта Абай даңғылымен, Саин көшесімен және әл-Фараби даңғылы арқылы «Арман» автостанциясына дейін барады. Кері бағытта автобустар Жароков көшесіндегі жолайрық арқылы өтіп, одан әрі әл-Фараби даңғылымен, Саин көшесімен және Абай даңғылымен жүреді.

Қала билігі жолаушылардан сапарларын жоспарлау кезінде енгізілген өзгерістерді ескеруді сұрады. Жаңартылған қозғалыс сызбалары аялдамаларда және қалалық ақпараттық сервистерде орналастырылады.