Алматыда ҰҚШҰ бірлескен оқу-жаттығуына дайындық мәселесі пысықталды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасының аумағында Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы шеңберінде өтетін жедел ден қою ұжымдық күштерінің «Өзара іс-қимыл – 2022» командалық-штабтық оқу-жаттығуы, барлау күштері мен құралдарының «Іздестіру – 2022» арнайы оқу-жаттығуы, материалдық-техникалық қамтамасыз ету күштері мен құралдарының «Эшелон – 2022» арнайы оқу-жаттығуын өткізуге дайындық басталды.
Бұл туралы Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Бас штаб бастығының орынбасары – ҚР ҚК БШ Жедел жоспарлау департаментінің бастығы генерал-майор Марат Аймашевтың басшылығымен 2022 жылы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы әскерлерінің бірлескен оқу-жаттығуларына дайындық бойынша екінші штабтық келіссөздер жүргізілді.
Онда Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, ҰҚШҰ Хатшылығы мен Біріккен штабының өкілдері негізгі ұйымдастыру мәселелерін, оның ішінде ұлттық контингенттерді жан-жақты қамтамасыз ету және өрістету тәртібін талқылады. Сондай-ақ оқу-жаттығулар өткізілетін орындарда болды.
ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің ұлттық контингенттерін қайта топтастыруды авткөлік, әуе және темір жол көлігімен жүзеге асыру жоспарланып отыр.
Оқу-жаттығу барысын бақылау үшін құрамына қорғаныс ведомстволарының, құқық қорғау құрылымдарының, Ұлттық ұланның, төтенше жағдайлардың алдын алу және олардың салдарын жою саласындағы уәкілетті органдардың, Сыртқы істер министрліктері баспасөз қызметінің өкілдерін, аккредиттелген журналистерді қоса отырып, біріккен баспасөз орталығы өрістетілетін болады.
Жыл сайын өткізілетін оқу-жаттығулар ұжымдық күштерді басқару органдарының практикалық дағдыларын жетілдіру, сондай-ақ Орталық Азия өңірінде әскери қауіпсіздікті қамтамасыз ету және сыртқы қатерлерді бейтараптандыру жөніндегі бірлескен операцияларды жүргізу кезінде Ұжымдық қауіпсіздік күштері құралымдарының іс-қимыл үйлесімділігін арттыруға бағытталған.
Қазақстанда өткізілетін үш оқу-жаттығудан өзге, ҰҚШҰ шеңберінде қазан айында Тәжікстан Республикасының аумағында Орталық Азия өңірінің жедел өрістету ұжымдық күштері бөлімшелерінің «Шеп – 2022» бірлескен оқу-жаттығуын, Қырғыз Республикасының аумағында бітімгерлік күштерінің «Мызғымас бауырластық – 2022» командалық-штабтық оқу-жаттығуын өткізу жоспарланған.