Кеше 2026, 22:24
Фото: Алматы қаласы әкімдігі
Алматыда ұлттық спорттан әлемдік рекордтар жаңартылды
Жетістіктер халықаралық төрешілер тарапынан ресми түрде тіркелді.
Алматы қаласындағы Орталық ипподромда өткен Наурыз мерекесі ұлттық спорт түрлері бойынша екі бірдей әлемдік рекордпен есте қалды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Алматылық спортшы Динара Сайдалина желіп келе жатқан түйенің үстінде садақ ату бойынша рекорд орнатты. Ол сағатына 35,9 шақырым жылдамдықпен қозғалып, төрт нысананы да дәл көздеген.
Екінші рекорд Ернар Жасұзақ есіміне жазылды. «Шабандоздық» дисциплинасында ол 43,3 км/сағ жылдамдықпен 500 метр қашықтықты ат үстінде тік тұрып, қолдың көмегінсіз еңсерді.
Мерекелік бағдарламаны көрермендер ерекше қызығушылықпен тамашалаған көкпар турнирі толықтырды. Нәтижесінде «Жетісу» командасы алтын кубокты жеңіп алды.
Сонымен қатар қала тұрғындары асық ату, арқан тарту және қазақ күресі сияқты ұлттық спорт түрлерінде өз бақтарын сынады.