Алматыда ұлттық құндылықтарды дәріптейтін көрме ашылады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 5 сәуір күні сағат 16.00-де «Мүмкіндіктер палитрасы. Дәстүрлер және жаңашылдық» көрмесі ашылады. Қабижанова Гүлжанат пен Бикинеева Нұрия киіз бен құрақтан жасалған туындыларының бірлескен көрмесін өткізеді. Бұл туралы Ә.Қастеев атындағы өнер музейінің баспасөз қызметі хабарлады.
Суретшілер Аrt тандемде бірнеше рет жұмыстарын қойды, сонымен бірге олар өмірде де, шығармашылықта да мүдделес жандар болып шықты. Олар Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық институтының көркемсурет-графика факультетін тәмамдап, содан бері шығармашылық жолда өз болмыстарын көрсетуде. Олар ынта-ықыласын – бейнелеу өнеріне, қолданбалы өнерге және дизайн мен оқытушылық қызметке арнаған. Екеуі үшін шығармашылық – бірінші орында. Олар басты назарларын картиналар мен интерьер панносына аударғанымен, киім дизайнына да тәжірибе жасағанды ұнатады, әсіресе оларды ұлттық тақырып аса қызықтырады. Суретшілердің кәсіби және өмірлік мүдделері ортақ болса да, әрқайсысының дара келбеті мен өз шығармашылық әлемі бар.
Қабижанова Гүлжанат көркемдік қызметтен де, педагогикалық қызметтен де бірдей ләззат алады. Ол эксперимент жасауға «төзімділігі» үшін және шығармашылыққа мүмкіндігінің шексіздігі үшін киізді жақсы көреді. Суретші ұлттық мәдениеттің ерекше бөлшегі болған киізбен өзінің генетикалық байланысы барын сезетінін айтады. Оның панно-картиналары мазмұны жағынан терең әрі өршіл және формасы жағынан көркем де сәнді. Жазықтылық кілемдік шешім стилистикасына дендеген Гүлжанат басты қызметі түске бастап апаратын жалпы, таңбалық-символикалық образдарды жасайды. Ол әрқашан да импровизация мен күтпеген жаңалықтарға толы. Осы жерде материал мен технологияны сезу өте маңызды. Ол өзінің көрмесін есінен еш кетпейтін, жүрегінде мәңгі сақталатын ата-анасына арнайды.
Бикинеева Нұрияның шығармашылық мүддесі жан-жақты. Ол ұзақ жылдар бойы көрмелерімен әлемде танымал болған «Батини» шығармашылық тобына қатысты. Суретші үшін тоқыма мозаикасы – түспен, мата фактурасымен ойнаудың қызықты мүмкіндігі, жаңа материалдарды пайдаланып дәстүрлі көркем өрнектерді қайталау, өзінің қайталанбас геометриялық өрнектері мен композициясын құру.
Нұрия шығармашылығында түстің басты орын алатынын айтады. Үйлесімдердің шексіз палитрасындағы ізденістер – жаңа жұмыстарды жасауға шабыт беретін қызықты процесс. Детальдарды жинау техникасы мен оларды біріктіру тәсілі композициялардың графикалылығы мен жазықтылығын шарттайды. Нұрия жарқын да күтпеген образдар калейдоскопын құрап, құрақ техникасында өзіне тән түзу сызықтарды шеберлікпен нәшіне келтіреді.
Гүлжанат пен Нұрия түрлі деңгейдегі көптеген республикалық және халықаралық көрмелерді өткізді. Олардың өздерінің қадірлеуші қауымына танымал туындылары Қазақстанның да, әлемнің басқа елдерінің де жеке және музей коллекцияларын толықтырып, көркін ашады. Көрме 28 сәуірге дейін өтеді.