Алматыда ҰБТ қалай өтеді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров қалалық Білім басқармасының басшысы Л. Жылқыбаева және қаланың Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері, Аумақтық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Ж. Бекшинмен бірлесіп биыл 6 мамыр мен 30 маусым аралығында мегаполисте өтетін ҰБТ-ны ұйымдастыру жөнінде онлайн форматта кеңес өткізді.

Басты мақсат — эпидемиологиялық жағдай бойынша Алматының «қызыл» аймақта болуы аясында коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермей, ҰБТ өткізу қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

Қоғамдық жиналатын орындарға бару қажеттілігін болдырмау мақсатында ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысу үшін түлектердің өтініштерін қабылдау app.testcenter.kz сайтында online тіркеу арқылы жүзеге асырылады. Алматы қаласы Білім басқармасының мәліметі бойынша, биылғы оқу жылында қаланың орта білім беру ұйымдарында 11 337 түлек оқу бітіреді (мемлекеттік мектептерден 10 560 адам және жекеменшік мектептерден 777 адам).

Анықтама: тестілеу 5 пәннен тұрады (Қазақстан тарихы, оқу сауаттылығы, математикалық сауаттылық, таңдау бойынша 2 бейінді пән). ҰБТ-ның жалпы ұзақтығы аппеляцияны есепке алғанда 4 сағат 30 минут (270 минут).

Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті тест өткізілетін ғимараттарда зертханалық-аспаптық зерттеуді аяқтады. ҰБТ өткізу пунктінде дайындық жұмыстары жүргізілді: іргелес аумақты, ғимараттың ішкі жағына тазалық жұмыстары жүргізіліп, жарықтандыру аспаптары, желдету жүйесі тексерілді, медициналық пункт дайындалды. Оқушылар мен қызметкерлердің жеке гигиенасын сақтау үшін жағдайлар жасалған. Ауыз су режимі ұйымдастырылған, оқушылар көлемі 0,5 л бөтелкедегі сумен қамтамасыз етіледі, сонымен қатар қосымша су диспенсерлері орнатылады. Оқушыларға алғашқы медициналық көмек көрсету үшін қажетті жарақтармен және дәрі-дәрмектермен жабдықталған медициналық пункт жұмыс істейді, сондай-ақ жедел медициналық көмек бригадасының кезекшісін, аймақтық емханалардың дәрігерлерін тарту көзделген.

ҰБТ өткізу кезінде мыналар қамтамасыз етіледі:

— ҰБТ өткізілетін орындар санитайзерлермен, тепловизорлармен, дезинфекциялау ерітінділерімен және аяқ киімге арналған кілемшелермен, бактерицидті шамдармен, ауа рециркуляторларымен, пайдаланған бетперделерді утилизациялауға арналған урналармен қамтамасыз ету;
— аудиторияларда кондиционерлердің, қабырға сағаттарының; бейнебақылау камераларының; бейнетіркегіштердің жұмыс істеуі;
— адамдардың топталуын болдырмау үшін кіреберістің алдында және ғимарат ішінде, оның ішінде өткізу және күту аймақтарында белгілер көмегімен әлеуметтік қашықтықтың (кемінде 1 м) сақталуы қамтамасыз етіледі;
— бетперде режимін қамтамасыз ету. Қорғаныс құралынсыз келген ҰБТ қатысушыларына бетперде беріледі;
— ҰБТ өткізу пунктін және тестілеу пунктіне жақын күту аймағын дезинфекциялау;
— ҰБТ өткізу пунктінде медициналық қызмет көрсетуді ұйымдастыру және медициналық пункттің жұмысын қамтамасыз ету (сондай-ақ COVID-19-ға қарсы вакцинациялауға ниет білдірушілер үшін уақытша мобильді егу пункті ашылады);
— қоғамдық тәртіпті сақтау және өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін кезекшілікті ұйымдастыру.

ҰБТ өткізілетін ғимараттарға адамдардың көп жиналуын болдырмау мақсатында ата-аналар, мұғалімдер және басқа да адамдар жіберілмейді. Тәуекел тобындағы адамдарды, сондай-ақ 65 жастан асқан қарттарды ҰБТ қатысушыларымен бірге келмеуге шақырады.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы