25 Қараша 2026, 11:35 Фото: ©️ BAQ.KZ/Сымбат Сатыбалдина

Алматыда ҮАААЖ-ға шығатын жол салу үшін 23 жер телімі мемлекет меншігіне алынады

Алматының Түрксіб ауданында Ахметов және Закарпатская көшелерін Үлкен Алматы айналма автомобиль жолына (ҮАААЖ) дейін ұзарту үшін 23 жер телімі мәжбүрлі түрде мемлекет меншігіне қайтарылады. Бұл туралы қала әкімдігінің қаулысында көрсетілген, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қала әкімі Дархан Сатыбалды қол қойған қаулыға сәйкес, жер телімдерін мемлекет мұқтажы үшін алып қою рәсімі басталады. Жоспар бойынша Ахметов және Закарпатская көшелері ҮАААЖ-ға дейін жалғасуы керек.

Құжатта жер телімдерін мәжбүрлеп иеліктен шығару мерзімі 2028 жылғы 31 желтоқсанға дейін деп белгіленген.

Жер иелеріне өтемақы төленеді

Қаулыда мемлекет меншігіне алынатын жер учаскелерінің иелеріне заңнамада белгіленген тәртіппен өтемақы төлеу қарастырылған. Жер қатынастары басқармасына мүлік иелеріне өтемақы төлеу және жер телімдерін жол инфрақұрылымын дамыту басқармасының балансына өткізу міндеттелген.

Ал «Қала жер орталығы» мекемесі жер иелерін заңда белгіленген тәртіппен хабардар етуі керек.

Айта кетейік, әкімдік қаулысы жер телімдерін алып қою рәсімінің басталғанын білдіреді. Бұл 23 нысанның барлығы бірден мемлекет меншігіне өтті деген сөз емес. Мәжбүрлі иеліктен шығару рәсімі мен өтемақы төлеу заңнамаға сәйкес жүргізілуі тиіс.