Алматыда тұрғындарды газ жабдығын тексереміз деп қорқытып жүргендер көбейді
Алматы тұрғындарына үй ішіндегі газ жабдықтарын тексеру қызметін күштеп ұсынатын жеке компанияларға қатысты шағым көбейген. Кейбір ұйым өкілдері өздерін Төтенше жағдайлар департаментінің атынан әрекет етіп жүргендей таныстырып, тұрғындарды айыппұлмен қорқытады. Бұл туралы Өнеркәсіптік қауіпсіздік басқармасының өкілі Дәурен Дүйсекенов мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, газ жабдықтарын тексеру жұмыстарын тек тиісті аттестаттаудан өткен ұйымдар ғана жүргізе алады. Қазақстанда мұндай компаниялар көп болғандықтан, тұрғындар қызмет көрсетушіні өздері таңдауға құқылы.
Өз қызметін күштеп ұсынатын ұйымдарға қатысты шағымдар өте көп түсіп жатыр. Егер сізді айыппұлмен қорқытса, құқық қорғау органдарын шақыруға болады. Компания өкілдері қызмет ақысын шұғыл төлеуді талап етсе немесе өздерін Төтенше жағдайлар департаментінің атынан әрекет етіп жүргендей көрсетсе, қысыммен шешім қабылдамаңыз, – деді Дәурен Дүйсекенов Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Келісімшартқа қол қоймас бұрын нені білу керек?
Басқарма өкілі тұрғындарға жеке компания өкілдерінен тиісті құжаттарын көрсетуді талап етуге кеңес берді. Сондай-ақ қызмет көрсету туралы келісімшартқа қол қоймас бұрын оның барлық талаптарымен мұқият танысу қажет.
Дәурен Дүйсекенов жеке ұйымдардың өздерін Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкері ретінде таныстыруға немесе мекеменің атын жамылып әрекет етуге құқығы жоқ екенін ескертті.
Оның сөзінше, тұрғындар ешқандай қысымға көнбей, газ жабдықтарын тексеретін ұйымды өз еркімен таңдауы керек.