Алматыда тұрғын үй кезегіне тұру үшін өтініштер қабылдау басталады

Бағдарлама 11-15 желтоқсан аралығында Алматы қаласының жұмыс істейтін, 35 жасқа дейінгі жастарынан өтініштер мен құжаттарды қабылдайтын болады, деп хабарлайды BAQ.KZ

Өтініш пен құжаттар www.kezekte.kz сайты арқылы қабылданады. Сайтта авторизация «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ (ХҚКО) филиалынан алуға болатын электронды-цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) арқылы өтеді.

Сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй 3 жыл мерзімге беріледі. Жалпы саны – Наурызбай ауданында 2 100 пәтер.

Бағдарламаға қатысуға қойылатын негізгі талаптар:

  • 35 жасқа толмаған, жалпы білім беретін мектептердің және (немесе) техникалық және кәсіптік және (немесе) орта және (немесе) жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының білім беру оқу бағдарламаларын меңгерген және еңбек қызметін жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының азаматтары;
  • Алматы қаласында тұрғылықты жері бойынша 3 жылдан кем емес тұрақты тіркеуді растау (осы қалада тұрғын үй сатып алуға үміткерлер үшін);
  • Алматы қаласында 14 жастан асқан өтініш берушінің отбасы мүшелерінің (жұбайы және болған жағдайда балалары) тұрақты тіркелуі;
  • өтініш берушінің, жұбайының (зайыбының), кәмелетке толмаған балаларының өтініш берудің алдындағы 5 (бес) жыл ішінде меншік құқығында, жалдау құқығымен немесе сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үйдің жоқтығын растау (жергілікті атқарушы органның тиісті анықтамасымен расталатын апатты жағдайдағы, құлау қаупі бар тұрғын үйлерді қоспағанда);
  • соңғы алты айда кемінде 40 айлық есептік көрсеткіш (2023 жылға – 138 мың теңге) мөлшерінен кем емес ай сайынғы табыстың болуы;
  • банктік жинақ шотында 40 айлық есептік көрсеткіш (2023 жылға – 138 мың теңге) мөлшерінен кем емес қалдық болуы.

Қатысушыларды іріктеу балдық жүйе негізінде (ең көп балл саны бойынша) жүргізіледі. Балл беру критерийлері, сондай-ақ қажетті құжаттар тізімі жоғарыда көрсетілген сайтта орналастырылған.

Өтініш пен құжаттарды тапсырғаннан кейін Бағдарламаға қатысушылар жоғарыда көрсетілген сайттағы жеке кабинеті арқылы берілген өтініштің нәтижесін дербес бақылайды.

Телефондар бойынша анықтамалар: +7(727)2251452, +7(727)2251437.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Артём Чурсинов - архив
Өзгелердің жаңалығы