Алматыда түнде бомба панасына кірмек болған екі жігіт ұсталды
Екі жігіт түн ішінде жабық нысанның құлпын бұзуға тырысқан. Полиция оларды ұстап, бөлімшеге жеткізді. Ал нысанға не үшін кірмек болған?
Түнгі уақытта Алматыда екі жас жігіт бомба панасына кіруге әрекет жасаған. Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, оқиға Абай даңғылы мен Тлендиев көшесінің қиылысында болған.
Не болды?
Нысанға жауапты кәсіпорын басшылығы күдікті жағдай туралы полицияға хабарлаған. Оқиға орнына құқық қорғау органдарының қызметкерлері барған.
Алдын ала мәлімет бойынша, екі жас жігіт бомба панасының құлпын бұзуға әрекет жасаған. Олардың жанынан жабық нысанға кіру үшін пайдаланылуы мүмкін құралдар табылған.
Екеуі де Алмалы аудандық полиция басқармасына жеткізілген.
Олар нысанға не үшін кірмек болған?
Тергеу барысында жас жігіттер бұл әрекетін қызығушылықпен түсіндірген. Олардың айтуынша, нысан туралы таныстарынан естіген.
Кәсіпорын өкілдерінің сөзінше, бұған дейін де бөгде адамдардың бомба панасына кіруге әрекет жасаған жағдайлары болған. Сонымен қатар нысанның ішінде құнды заттар сақталмайды.
Қазіргі уақытта полиция оқиғаның барлық мән-жайын анықтап, жабық нысанға заңсыз кіруге әрекет жасаудың себептерін тексеріп жатыр.
Құқық қорғау органдары жабық нысандардың бөгде адамдарға кіруге арналмағанын еске салды. Мұндай нысандарға заңсыз кіруге әрекет жасау жауапкершілікке әкеп соғуы мүмкін.