Алматыда тұмауға қарсы ресейлік вакцина салынды: Қанша адам екпе алды?
Алматыда тұмауға қарсы екпе науқаны жалғасып жатыр. Биыл қауіп тобындағы тұрғындарды вакцинациялау үшін бюджет қаражатына Ресейде өндірілген «Гриппол плюс» вакцинасы сатып алынған. Қазір оның 93 пайызы егілген. Бұл туралы Алматы қаласы Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Гаухар Каткенова мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Маманның айтуынша, қаладағы эпидемиологиялық жағдай тұрақты. 2026 жылдың 46-аптасында Алматыда жіті респираторлық вирустық инфекцияның (ЖРВИ) 16 841 жағдайы тіркелген.
100 мың тұрғынға шаққандағы сырқаттанушылық көрсеткіші 694,99 болды. Бұл алдыңғы аптамен салыстырғанда 3,8 пайызға, ал өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 38,9 пайызға төмен.
Сырқаттанғандардың 55,3 пайызы – балалар. Соңғы аптада қаладағы 143 мектепте оқушылар арасында ЖРВИ-дің 520 жағдайы анықталған. Оқушылар арасындағы сырқаттанушылық деңгейі 3,9 пайызды құраған. Бұл көрсеткіш 10 пайыздан төмен.
Алматыда тұмаудың 25 жағдайы анықталды
Департамент өкілінің мәліметінше, қалада тұмау және басқа да вирустардың таралуына тұрақты зертханалық мониторинг жүргізіледі. Биылғы эпидемиологиялық маусымның 43-аптасынан бері тұмаудың зертханалық жолмен расталған 25 жағдайы тіркелген. Оның 22-сі – А(H1N1) тұмауы, қалған үшеуі В типіне жатады.
Барлық науқасқа қажетті ем тағайындалған. Қазіргі уақытта олардың жағдайы қанағаттанарлық.
Мамандардың болжамынша, 2026–2027 жылдардағы эпидемиологиялық маусымда А(H1N1), А(H3N2) және В типіндегі тұмау вирустары таралуы мүмкін. Сондықтан қалада аурудың алдын алу шаралары күшейтілген.
250 мыңнан астам адам вакцина салдырған
Гаухар Каткенованың айтуынша, 2026 жылғы 18 қарашадағы жағдай бойынша Алматыда 250 183 адам тұмауға қарсы вакцина алған. Бұл қала халқының жалпы санының 10,3 пайызына тең.
Оның ішінде бюджет қаражаты есебінен қауіп тобындағы тұрғындарға Ресейде өндірілген үш валентті «Гриппол плюс» вакцинасы сатып алынған. Департамент өкілінің сөзінше, алынған вакцинаның 93 пайызы қолданылған.
Тұрғындарға қандай кеңес беріледі?
Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті тұмау мен ЖРВИ-дің алдын алу үшін бірнеше қарапайым ережені сақтауға шақырады.
Мамандардың айтуынша, тұмау ауа-тамшы жолы арқылы таралады. Инфекцияның негізгі көзі – науқас адам. Аурудың алғашқы белгілері байқалған кезде адам айналасындағыларға жұқтыруы мүмкін.
Сондықтан мамандар:
-
иммунитетті нығайту үшін дәрумендерге бай тағамдарды тұтынуды;
-
адам көп жиналатын орындарға баруды шектеуді;
-
бөлмелерді жиі желдетуді;
-
үй-жайларда ылғалды тазалау жүргізуді;
-
оксолин майын тек дәрігердің нұсқауымен қолдануды ұсынады.