Алматыда туберкулезбен ауыратындардың қаншасы коронавирус жұқтырғаны белгілі болды

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алматы қаласы «Фтизиопульмонология орталығы» ШЖҚ КМК директоры Жанар Сәпиева қаладағы туберкулез жағдайын баяндады.

Оның айтуынша, Алматыда туберкулез көрсеткіші бес жылда 42% -ға төмендеген. Ал одан болатын өлім-жітім 67%-ға, жалпы туберкулездің таралуы 47,8%-ға төмендеген. Балалар арасындағы ауыршаңдық 55,7%-ға азайған.

2020 жылғы қорытынды көрсеткіші бойынша туберкулездің ауыршаңдық көрсеткіші 23%-ға төмендеді. Туберкулездің таралуы 24,8%-ға төмендеді. Сондай-ақ туберкулездің бактерия бөлусіз түрімен ауратын науқастарды амбулаториялық емдеу кеңейтілді. 2020 жылы МСАК жағдайында бактерия бөлмейтін бастапқы амбулаториялық емдеумен қамту 73,2% құрады,-деді ол.

Туберкулезге шалдыққан науқастарды емдеуге арналған ем-дом сәтті жүргізіліпті. Бейне бақылау емі әдісімен 338 туберкулезбен ауыратын науқас емдеуді аяқтаған, жеке автокөлік бөліне отырып 7 мобильді топ ұйымдастырылып 2020 жылы 1117 адам ем алыпты.

Пандемия кезеңінде «Фтизиопульмонология орталығы» базасында 2020 жылғы 13 ақпанда 300 провизорлық төсек орын жасақталды, ал 12 сәуірде 250 инфекциялық төсек орын тағайындалды. 2020 жыл 10 қырықүйекке дейін 1333 КВИ науқастары және 848 науқас провизорлық бөлімшеден емделіп шықты. 2020 жылы туберкулезбен ауыратындар арасында коронавирус жұқтырған 5 жағдай болды. Ал, 2021 жылы осындай 3 жағдай тіркелді,-деді Жанар Сәпиева.



Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы