Алматыда цифрлық кескіндеме және графикадағы шығармалардың көрмесі ашылды
Мемлекеттік орталық музейінде Дүниежүзілік өнер академиясының академигі Болат Мұхамедиевтің «Уақыт резонансы» атты жеке көрмесі ашылды, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Көрмеде ұсынылатын цифрлық кескіндеме – суретшінің өнерге заманауи технологияларды енгізуге деген ұмтылысын білдіреді және Қазақстанның жас суретшілеріне маңызды бағдар болуы мүмкін.
Суретші соңғы үш жылда жаңа бағыттағы мүсіндер жасауға бет бұрған. Скульптуралық композициямен жасалған жұмыстары Қазақстанның төрт қаласына орнатылыпты.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейі баршаңызды Болат Мұхамедиевтің ерекше өнер туындыларынан ләззат алуға және оның шығармашылық көрегендігінен шабыт алуға шақырады. Болат Мұхамедиев — Қазақстанның көрнекті суретшілерінің бірі, оның шығармашылығы 50 жылдан астам уақытты қамтиды және кітап графикасы, кескіндеме, абстракция, архитектура, мүсін, дизайн және фотографияның ерекше үйлесімін көрсетеді. Суретші 12 елдің құрметті суретшісі мәртебесіне ие. Оның есімі 1945-1991 жылдар аралығындағы балалар кітабы суретшілерінің дүниежүзілік энциклопедиясына енгізілген, ал жетістіктері америкалық «Forbes» басылымында жарияланған. Көрмені тамашалауға келген көрермендер жақсы әсер, тамаша көңіл-күйге бөленеді деген сенімдемін, - деді Мемлекеттік орталық музейі РМҚК директоры Рашида Харипова.
Экспозиция көрермендерді шығармашылықтың жаңа мүмкіндіктерін ашуға шабыттандырып, XXI ғасыр өнерінде цифрлық технологиялардың бірегейлігін айқындауға және әрбір адамға шебердің туындыларынан «Уақыт резонансын» табуға мүмкіндік беруді көздейді.
Көрмеде автордың 50-ге жуық цифрлық кескіндеме және графикадағы шығармалары ұсынылады.
Болат Мұхамедиев инклюзия саласына елеулі үлес қосты. Ол Қазақстанда мүмкіндігі шектеулі жандарды тасымалдауға арналған көтергіш құрылғыларды алғаш әзірлеп, олар ЕАЭО халықаралық сертификатын алып, кең қолданыс тапты. Бұл жоба оның шеберлігін ғана емес, адамдардың өмір сүру сапасын технологиялық жаңашылдықтар арқылы жақсартуға деген ұмтылысын көрсетеді.
Көрме желтоқсан айының 4-ші жұлдызына дейін жалғасады.