Бүгiн 2026, 14:58 Фото: ©BAQ.KZ/видеодан алынған кадр

Алматыда Троцкий мен Брусиловский тоқтаған тарихи қонақүй бұзылды – әкімдік себебін түсіндірді

Алматы қаласының әкімдігі 1908 жылы салынған көне ғимараттың бұзылуына байланысты пікір білдірді.

Алматы қаласының әкімдігі Гоголь көшесі, 45 мекенжайында орналасқан 1908 жылы салынған екі қабатты көне ғимараттың бұзылуына байланысты пікір білдірді. Аталған нысан кезінде тарихи тұлғалар – Лев Троцкий мен Евгений Брусиловский тоқтаған қонақүй ретінде белгілі болған, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Қалалық Мемлекеттік активтер басқармасының мәліметінше, бұл ғимарат тарих және мәдениет ескерткіштері тізіміне енгізілмеген әрі тарихи-мәдени нысан мәртебесіне ие болмаған.

Ведомствоның хабарлауынша, 2022 жылдан бері нысан техникалық жағдайының қанағаттанарлықсыз болуына байланысты іс жүзінде пайдаланылмаған. 2025 жылы жүргізілген техникалық тексеріс қорытындысы бойынша ғимарат апатты жағдайда деп танылып, қалпына келтіруге жарамсыз деп бағаланған. Осыған байланысты нысанды бұзу туралы шешім қабылданған.

Әкімдік өз мәлімдемесіне дәлел ретінде ғимараттың ішкі көрінісінен түсірілген фотосуреттерді де ұсынды.

Қазіргі уақытта ғимаратты демонтаждау жұмыстары аяқталуға жақын. Әкімдік өкілдері жер телімі мемлекеттік қорға қайтарылғанын мәлімдеді.