Алматыда Третьяков галереясы қорындағы туындылар қойылған көрме ашылды
Көрме «Самұрық-Қазына» АҚ мен «Росатом» мемлекеттік корпорациясының қолдауымен ұйымдастырылды.
Алматыдағы Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық өнер музейінде «Дәуір мұрасы. Третьяков галереясы қорындағы ХХ ғасыр өнері» атты көрме ашылды.
Экспозицияға Мемлекеттік Третьяков галереясының қорынан арнайы әкелінген 30 өнер туындысы қойылған. Көрмеде 1917 жылдан 1970 жылдарға дейінгі кезеңді қамтитын ХХ ғасыр бейнелеу өнерінің негізгі даму кезеңдері ұсынылған.
Экспозициядан Борис Кустодиев, Аркадий Рылов, Александр Дейнека, Пётр Кончаловский, Илья Машков, Виктор Попков, Дмитрий Жилинский және Татьяна Яблонская сынды суретшілердің еңбектерін көруге болады.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев көрменің 2025 жылы басталған музейаралық ынтымақтастықтың жалғасы екенін атап өтті. Былтыр Мәскеудегі Третьяков галереясында Әбілхан Қастеев атындағы музей қорындағы туындылар көпшілік назарына ұсынылған болатын.
Ресей Федерациясының Мәдениет министрі Ольга Любимова да көрменің ашылуына орай құттықтау хат жолдады. Оның айтуынша, мұндай мәдени жобалар Қазақстан мен Ресей арасындағы музейаралық байланыстарды нығайтып, мамандардың тәжірибе алмасуына мүмкіндік береді.
Көрме «Самұрық-Қазына» АҚ мен «Росатом» мемлекеттік корпорациясының қолдауымен ұйымдастырылды.