Алматыда төрт айдың ішінде 54 бала көкжөтелмен ауырған
Байланыста болған 313 адам тексерілді, нәтижелері – теріс, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Алматы қаласының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Қасымхан Алпысбайұлы мәлімдеді.
2024 жылдың төрт айында 14 жасқа дейінгі екпе алмаған балалар арасында көкжөтелдің 54 расталған жағдайы тіркелді. Ошақтарда байланыста болған 313 адам тексерілді, нәтижелері – теріс. Байланыста болғандарды емханалардың медицина қызметкерлері бақылауға алды,- дейді Қасымхан Алпысбайұлы.
Ведомствоның айтуынша, көкжетелге қарсы екпе алу аурудың алдын алуға мүмкіндік береді.
Көкжөтелден қорғаудың жалғыз сенімді және тиімді әдісі – вакцина алу. Көкжөтелге қарсы егу 2, 3, 4 және 18 айлық жастағы балаларға көкжөтелге, дифтерияға, сіреспеге, «В» гепатитіне, гемофильді инфекцияға жәнеполиомиелитке қарсы бір мезгілде кешенді вакцинамен жүргізіледі. Бұдан әрі 6 жастағы балалар АбКДС күшейткіш дозасымен егіледі, -деді санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы.