Алматыда теміржол вокзалы сейфінен 1 млн теңге ұрланды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Көліктегі полиция қызметкерлері «Жолаушылар тасымалы» АҚ филиалы сейфінен 1 миллион теңгеге жуық ақшаны ұрлаған ер адамды ұстады, деп хабарлайды zakon.kz.

Көліктегі ПД баспасөз қызметі ірі ұрлықтың бетін ашқандарын хабарлады.

«Алматы-1» теміржол станциясының қызметкері желілік полиция бөліміне «Жолаушылар тасымалы» АҚ филиалына тиесілі кассасына біреу кіріп, сейфтен ақша ұрлап кеткенін жеткізіп, арызданды.

Осы фактіге сәйкес, ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы, 3-бөлімінің 3-тармағы (Тұрғын үйге, қызметтік немесе өндірістік үй-жайға заңсыз кіру арқылы жасалған ұрлық) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде Алматы облысының 27 жастағы күдікті тұрғыны анықталды.

Тексеру барысында күдікті арматурамен терезенің жақтауын бұзып, бөлмеге кіріп, сол жердегі темір сейфті ашып, шамамен 1 миллион теңге көлеміндегі қаражатты ұрлап кеткені анықталды. Сондай-ақ, бұл қылмысты жасау үшін ер адам кассирмен алдын-ала достық қарым-қатынас орнатып, оның жұмыс орны туралы егжей-тегжейлі біліп алғаны анықталды. Алматы қаласы Жетісу ауданының No2 аудандық сотының үкімімен ер адам кінәлі деп танылып, оған 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды, - деп хабарлады Көліктегі ПД.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы