Алматыда тұмауға қарсы тегін екпені ала алатындардың тізімі жарияланды
Алматы қаласына тұмауға қарсы 250 мың доза вакцина сатып алынған. Бұл көлем тәуекел тобына кіретін тұрғындарды толық қамтуға жеткілікті. Бұл туралы Алматы қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы басшысының орынбасары Гаухар Каткенова мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, тегін вакцинация халықтың шамамен 10 пайызын қамтиды және ең алдымен қауіп тобына жататын азаматтарға арналған.
250 мың доза вакцина тәуекел топтарын толық қамтуға жеткілікті. Тегін екпе медицина қызметкерлеріне, диспансерлік есепте тұрған және жиі ауыратын алты айдан асқан балаларға, жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, балалар үйлерінің тәрбиеленушілеріне, әлеуметтік қызмет көрсететін мекемелердің алушыларына, жүктіліктің екінші және үшінші триместріндегі әйелдерге, жүрек-қан тамырлары жүйесінің созылмалы аурулары бар адамдарға және медициналық көрсетілімі бар өзге де азаматтарға салынады, – деді Гаухар Каткенова.
Оның сөзінше, аталған санатқа кірмейтін тұрғындар тұмауға қарсы вакцинаны ақылы негізде ала алады.
Екпе таусылып қалса не істеу керек?
Басқарма өкілінен тұрғындар тіркелген емханасында вакцина таусылып қалған жағдайда қандай әрекет жасау керектігі де сұралды. Гаухар Каткенованың айтуынша, тұмауға қарсы екпе алу үшін алдымен азаматтар өздері тіркелген емханадағы учаскелік дәрігерге жүгінуі қажет.
Егер емханада вакцина қоры таусылып қалса, медицина ұйымы тәуекел тобына кіретін азаматтарды жақын маңдағы басқа медициналық мекемеге жолдай алады.
Қазіргі уақытта тұмауға қарсы вакцина алуға жататын тәуекел топтарының тізімі жасақталған. Азаматтар тіркелген емханасындағы учаскелік дәрігерге жүгінуі керек. Егер сол емханада вакцина қалмаса, медициналық ұйым сізді жақын орналасқан басқа емдеу мекемесіне бағыттай алады, – деді басқарма басшысының орынбасары.