Алматыда тегін курстарға арналған 85 оқу орталығы ашылды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Курстар бір айдан алты айға дейін жалғасады. Оқуға «Атамекен қолдау орталығы» мобильді жұмыспен қамту орталықтарының кез келгеніне барып жазылуға болады, деп мәлімдеді Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі.
Қысқа мерзімді оқыту нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы шеңберінде ұйымдастырылуда. Бұл ретте курстарда білім алушылар үшін оқу ақысы мен шәкіртақы түрінде мемлекеттен қолдау қарастырылған.
Қысқа мерзімді кәсіптік оқыту курстарын жұмыс іздеп жүрген және жұмыссыз азаматтар ала алады. Өтінімдерді Алматы қаласының жұмыспен қамту орталығында, сондай-ақ «Атамекен қолдау орталығы» мобильдік жұмыспен қамту орталықтарында беруге болады.
«Қысқа мерзімді кәсіптік оқытуды ұйымдастыру үшін, оның ішінде жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтыған халықтың кәсіпорындары базасында оқытуға, нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының бірінші бағыты шеңберінде 2019 жылы «Атамекен» ҚР ҰКП Білім беру ұйымдарының тізіліміне қосымша 65 білім беру ұйымы енгізілді. Осы орайда 2017-2018 жылдары 20 оқу орталығы ашылды», - дейді Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасының Адами капиталды дамыту бөлімінің басшысы Вера Цзин.
Оның айтуынша, Алматы қаласы бойынша Ұлттық палатаның тізіліміне қазіргі уақытта 85 білім беру ұйымы енгізілген: Кәсіпорындар мен қауымдастықтар – 53, дербес орталықтар – 10, колледждер-22.