Алматыда тауға жақын аймақтарда құрылыс салуға мораторий енгізілді

Алматы қаласының мәслихаты тауға іргелес аумақтарда құрылыс жүргізуге тыйым салу туралы шешім қабылдады. Бұл бастама қаланың табиғи ландшафтын сақтау мен сейсмикалық қауіпсіз дамуын қамтамасыз етуге бағытталған, деп хабарлайды BAQ.KZ.

2025 жылдың 29 қазанында өткен кезектен тыс XXXVI сессияда мораторий қабылданды. Алматы қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасының басшысы Алмас Жанбыршының айтуынша, 2014 жылы қала аумағына Қарасай және Талғар аудандарының бір бөлігі қосылған соң, Ерменсай, Қарғалы, Ремизовка секілді 29 жаңа шағынаудан пайда болған. Қазір бұл өңірлерде 171 мыңнан астам адам тұрады.

Бұл аудандарда инженерлік және көлік инфрақұрылымы жеткіліксіз. Соның салдарынан жолдар мен коммуналдық желілерге шамадан тыс салмақ түсіп отыр, сондай-ақ экологиялық және сейсмикалық тәуекелдер артуда. Сондықтан мораторий енгізу – табиғи ландшафты сақтап, қаланың қауіпсіз дамуын қамтамасыз етудің маңызды қадамы, – деді Алмас Жанбыршы.

Мәслихат шешіміне сәйкес, Алматы қаласының құрылыс ережелеріне мынадай өзгерістер енгізіледі:

• Тау бөктерінде көпқабатты тұрғын үйлер мен кешендер салуға тыйым салынады (тек әлеуметтік инфрақұрылым және туристік нысандарға рұқсат беріледі);
• Қолданыстағы инженерлік және көлік инфрақұрылымына салмақ түсіретін нүктелік құрылыстарға шектеу қойылады;
• Қолданыстағы нысандарды қайта жоспарлау, жаңарту және жөндеу жұмыстарына тыйым салынбайды.

Әлеуметтік инфрақұрылым нысандарына мектептер, ауруханалар, балабақшалар мен басқа да маңызды мекемелер жатады. Туристік нысандар ретінде қонақүйлер және Алматы тұрғындары мен қонақтарына арналған демалыс орындары қарастырылған. Мұндай ғимараттардың биіктігі үш қабаттан немесе 12 метрден аспауы тиіс.

Мораторий аясында 2023 жылы бекітілген Алматының Бас жоспарына түзетулер енгізіледі. Қалалық билік бұл түзетулерді 2026 жылдың мамырына дейін бекітуді жоспарлап отыр.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, желіде белгілі журналист Нұрсейіт Жылқышыбай Алматыда 1930 жылы салынған тарихи ипподромдың орнына тұрғын үй кешені салынатынын айтып, көпшіліктің назарын аудартты.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы