1 Тамыз 2026, 19:18 Фото: ҚР ТЖМ

Алматыда тауға шығып жоғалып кеткен жасөспірім аман табылды

Түні бойы жүргізілген іздестіру жұмыстарының нәтижесінде жасөспірім Титов көлі маңынан аман табылып, ата-анасына тапсырылды

Түнде Алматы қаласының 112 қызметіне таңертең өздігінен Титов шыңына (3871 м) көтеріліп кеткен 15 жастағы жасөспірімнің байланысқа шықпай қалғаны туралы хабар түсті.

Іздестіру-құтқару жұмыстарына УСП-23 құтқарушылары мен «Барыс» республикалық жедел-құтқару жасағы жұмылдырылды. Түні бойы мамандар Мыңжылқы үстіртін, Титов асуын тексеріп, туристерден сұрастырып, жасөспірім жүруі мүмкін бағыттарды қарады.

Таңертең құтқарушылар жасөспірімді Титов көлі маңындағы «Жоғарғы Горельник» лашығынан тапты. Оның медициналық көмекке мұқтаж еместігі анықталды.

Құтқарушылар оны таудан аман-есен төмен түсіріп, УСП-23 базасына жеткізді. Кейін жасөспірім «Медеу» экобекетінде ата-анасына тапсырылды.